Шаханда қираған тұрғын үйге қатысты қылмыстық іс қозғалды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Шахан кентінде қираған тұрғын үйге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі оқиға орнынан.

«ТЖ дерегіне қатысты материал ҚР ҚК-нің 292-бабының 3 тармағы (Адам өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының тізіліміне тіркелді», - деп хабарлады Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Бұған дейін хабарланғандай,  үйінді астынан 9 көз жұмған адамның денесі аршып алынды . Оның үшеуі ер адам, үшеуі әйел, үшеуі бала. Баланың біреуі 2016 жылғы, екіншісі 2010 жылғы.
«Тұрғын үй қазандықтың жарылуынан құлаған. Шахандағы бірқатар тұрғын үйлерге жылу автономдық жүйе арқылы беріледі. Бұл қазандық үй комитетінің есебінде болды», - деп мәлім етті облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков журналистерге берген сұхбатында. Ол төтенше жағдайдың салдарын жою және себебін анықтау бойынша облыстық комиссия құрылғанын жариялады.
Әкімнің айтуынша, республикалық комиссия құру жоспарлануда. ТЖ орнында іздеу-құтқару жұмыстары жалғастырылуда. «Міндетіміз адамдарды анықтау үшін үйінділерді тазалау жұмыстарын аяқтау», - деп атап өтті өңір басшысы. Әзірге, бір адам үйінді астында қалып қойған.
Әзірге белгілісі, бұл көпқабатты үйде 118 тұрғын мекендеген, ал ТЖ орын алған кезде құлаған бөлікте шамамен 30 адам болған. Тұрғындардың көбісін туыстары сыртқа шығарып үлгерген. Сонымен қатар, баспанасыз қалғандарға балабақшаның ғимаратында тұруға мүмкіндік берілді.
Сағат 8:12-де қираған үйіндінің астынан тірі қалған 32 жастағы ер адам құтқарылды .
Үйінділерді тазартуға 280 адам жұмылдырылған , олардың қатарында құтқарушылар, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық жәрдем бригадасы, Ұлттық ұланның 52859 әскери бөлімінің ауыр техникасы және жеке кәсіпкерлер бар.
Сонымен қатар, Қарағанды облысы Шахтинск қаласына қарасты Шахан кентіндегі тұрғын үйдің құлау оқиғасына қатысты Шахан кенті әкімдігі қасынан шұғыл желі  ашылды: 8 (72156) 3-24-17.
Еске сала кетейік, 1 қаңтар күні 22:40-та Қарағанды облысы ТЖД құтқару бөліміне Шахтинск қаласы Шахан кентіндегі көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып түскені туралы қоңырау шалынған . Оқиға орнына шұғыл түрде ТЖД құтқарушылары жөнелтіліп, тұрғындар эвакуацияланды . Әуелі 1 адамның мәйіті үйінді астынан шығарылған болатын. Кейін екінші тұрғынның денесі үйінді астынан табылды. 

Соңғы жаңалықтар