Шағын жылу қазандықтарына жауапкершілікті жергілікті әкімдіктерге жүктеу ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов еліміздегі шағын жылу қазандықтарының жұмысын қадағалаудың қиынға соғып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ірі қалалардағы үлкен жылу қазандықтарын біз қадағалап отырмыз. Бүгінде Астанада ЖЭО-3 және Арқалық қаласында жылу қазандығы салынып жатыр. Ірі жылу қазандықтарының түпкі жағдайы бізге таныс. Осы орайда қаржыландыру жағы бір мемлекеттік органға жүктелсе, дұрыс болар еді деп есептейміз. Өйткені, кейбір жылу қазандықтары бізден ақша сұраса, кейбірі Индустрия министрлігінен сұрап жатады», – деді Жандос Нұрмағанбетов Парламент Сенаты қаржы және бюджет комитетінің отырысында.

Сондай-ақ, вице-министр еліміздегі ірі жылу қазандықтарын министрліктің құзыретінде қалдырып, ал шағын жылу қазандықтарының қызметін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігіне жүктеуді ұсынды.

«Өйткені елімізде 2 мыңнан астам шағын жылу қазандықтары бар, ал біздің министрлікке қарасты комитетте бар-жоғы үш адам. Олар бүкіл өңірдегі аудан-ауылдарға барып шағын жылу қазандықтарының жағдайын тексеріп, қадағалай алмайды. Негізі бұл мәселені Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бақылауда ұстайды, бірақ олар жергілікті әкімдік берген ақпаратқа сүйенеді. Осы орайда шағын жылу қазандықтарының жағдайын қадағалау толықтай жергілікті атқарушы органдардың мойнына жүктелсе деген ұсынысымыз бар», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар