Шағын және орта кәсіпкерлікпен ең көп айналысатындар - Оңтүстік Қазақстанда

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы шағын және орта кәсіпкерліктің саны бойынша облыстар арасында бірінші орында келеді. 

2016 жылдың қорытындысы бойынша, өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерінің саны 173 770 жетіп,  елдегі осы саладағы үлестің  14,6 пайызын құрады, -деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Облыста кәсіпті дамыту бағытында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, қаржы-несиелік қолдау саясаты жетілдіріліп келеді. Осы қолдаулардың арқасында шағын және орта кәсіпкерлік саны мен олармен өндірілетін өнімдердің көлемі артуда. Мәселен, өткен жылдың тоғыз айында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 627,6 млрд. теңгені құрап, 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 44 млрд. теңгеге немесе 7,5%-ға өскен.

Қызмет көрсету орталығы бір жыл ішінде өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына үлесін қосып отырған 37 232 кәсіпкерге көмек көрсетті. Сонымен қатар, өз ісін бастаймын деген 2 339 азаматқа «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында қаржылай (6,6 млрд.тг.) қолдау көрсетілді.

«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы іске асырылғалы бері жалпы құны 628,3 млрд. теңгені құрайтын 1 300 жоба мақұлданып, 17 981 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, 2016 жылы 146,2 млрд. теңгеге 303 жоба іске қосылып,  2 126 жұмыс орны құрылды.

Ал, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы жобаларды 7% мөлшерінде несиелендіруде. Ауылдар мен шалғайдағы елді мекендердегі кәсіпкерлікті қолдайтын орталық 2016 жылы 7,4 млрд. теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы бағытындағы 2024 жобаны қаржыландырған. Нәтижесінде 1 635 тұрақты және 3 мыңға жуық маусымдық жұмыс орындары ашылды.

Соңғы жаңалықтар