Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 33,5 пайызға жетті – Үкімет басшысы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,4 млн болды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шағын бизнесті сапалы дамытуға және орта бизнесті нығайтуға бағытталған. Басты мақсат – халықты жұмыспен қамтып, кәсіпкерлік субъектілерінің бәріне бірдей, тең жағдай жасау. Бұл үшін мемлекет бизнесті жүргізудің ашық және түсінікті ережелерін қабылдап отыр. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, кәсіпкерлік қызмет саласына жаңа реттеу саясатын енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеді. Адами факторлардың әсерін барынша азайту үшін мемлекеттік бақылауда тәуекелдерді басқару және бағалау жүйесін автоматтандыру бойынша кешенді шаралар қабылданап жатыр», - деді Ә. Смайылов.

Оның пайымынша, реформаны «таза парақтан бастап» жүзеге асыру бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасайды.

«Біз Үкіметтегі отандық кәсіпкерлер кеңесінде көлік, энергетика, агроөнеркәсіп саласындағы бизнестің проблемаларын, іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ экономиканың басқа да салаларындағы мәселелерді тұрақты түрде қарап отырмыз. Бүгінде Үкімет пен бизнес арасында жүйелі әрі конструктивті диалог орнады деп айтуға болады», - деді Үкімет басшысы.

«Биыл шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 33,5 пайызға жетті. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,4 млн болды. Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 3,5 млн адамды құрап отыр. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлік құрылымындағы сапалы өзгерістерге қол жеткізу», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар