Шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер саны 3,5 млн адамға жетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 33,5 пайызға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2012-2021 жылдар аралығында Қазақстандағы шағын және орта бизнестің даму серпіні оң нәтиже көрсетіп отыр. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 17 пайызға өсіп, 33,5 пайызға жетті. Шағын және орта бизнестің өнім шығаруы 5 есеге артып, номиналды мәнде 42,8 трлн теңгеге жетті. Жалпы ішкі өнім 2,5 еседен астам өсімді құрап, 2021 жылғы көрсеткіш 82,2 трлн теңгені құрады», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы саны 75 пайызға, 1,4 млн субъектіге жетті.

«Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 45 пайызға өсіп, 3,5 млн адамға жетті. Егер 2012 жылы еліміздің жалпы несие қоржынындағы шағын және орта бизнес қарыздары шамамен 15% немесе 1,5 трлн теңгені құраса, 2021 жылы шағын және орта кәсіпкерлікке несие беру айтарлықтай өсті. Осы орайда 5,7 трлн теңгеден астам сомаға немесе 27%-ға жетті», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында мемлекеттік қолдау шараларын алушылар шамамен 118 мың адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр.


Соңғы жаңалықтар