Шағын және орта бизнес ТКШ саласын инвестициялауға құлықсыз - ҚР ИДМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы шағын және орта бизнес (ШОБ) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қаражат салуға мүдделі емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрғын үй секторы көптеген мемлекеттерде жеке инвестиция тартуға қолайлы, мемлекеттік қолдаумен әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін әлеуетті сала болып есептеледі. Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауының бірінде айтты. Көппәтерлі тұрғын үй қоры бұрын-соңды коммерциялық инвестициялар үшін қолданылмаған перспективалы нарық бола алады», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту департаменті директорының орынбасары Марғұлан Әбдікәрімов Астанада өткен «ТКШ-ЭКСПО 2017» халықаралық форумында.

«Шағын және орта бизнес аталған сектордағы көптеген мәселелердің шешімі бола алар еді, бірақ қазіргі уақытта ШОБ аса белсенділік танытып отырған жоқ. Оған себеп - заңнамалар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің механизмдері соңына дейін жетілдірілмеген», - деп өз сөзін толықтырды ол.

Сол себепті Қазақстанда сәйкес нормативтік-құқықтық және институционалдық қамсыздандыруды әзірлеу қажет.

«Қазіргі уақытта тұрғын үй пәтерлерін пайдалану, күту және басқаруды ұйымдастыруда шешілмеген түйіндер көп. Оларды шешу үшін Үкімет биыл тұрғын үй қатынастарын жетілдіру бойынша ауқымды реформаны бастады», - деп атап өтті ИДМ департамент директорының орынбасары.

Ол үшін қазіргі заңнамаға, «Тұрғын үй қатынастары туралы»  ҚР заңына өзгерістер мен толықтыруларды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс тобы құрылған.  Жоспарланған түзетулер арқылы тұрғын үйлердегі пәтерлерді басқару, газ техникасы инспекциясы және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің қызметі сынды үш негізгі мәселені шешу көзделген.

Қазақстандағы реформаны жүргізуге халықаралық ұйымдар қол ұшын созады, атап айтқанда, еліміздің Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы көмек көрсетпек. Аталған ұйыммен ынтымақтастық орнату арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылған.

Соңғы жаңалықтар