Шағын және орта бизнес иелері Жапонияда тағлымдамадан өте алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елдегі шағын және орта бизнес иелеріне Жапонияда тағлымдамадан өту мүмкіндігі беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау департаменті директорының орынбасары Мерей Исаева BUSINESS TECHNOLOGY EXPO 2023 халықаралық көрмесінің аясында өтіп жатқан бизнес-форумда мәлім етті.

«Қолдаудың қаржылай емес түрлері бизнесті ақпаратпен, сараптамамен қамтуға бағытталады. Осылайша шағын және орта бизнес нысандарына рұқсат алуға, шетелдік әріптестерімен іскерлік байланысты жолға қоюға көмек көрсетіледі. Жыл сайын жетекші кәсіпкерлерді Германияға екі апталық бизнес-тағлымдамаға жіберіп келеміз. Биылдан бастап Жапонияға 10 кәсіпкерді тағлымдамаға жібереміз. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореямен де осы мәселе пысықталып жатыр», - деді Мерей Исаева.

Оның айтуына қарағанда, «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске асқан бүкіл кезеңнің ішінде шағын және орта бизнес нысандары 119 мың жұмыс орнын құрған.

50 трлн теңгенің өнімін шығарып, бюджетке 3 трлн теңге төледі.

«Биылдан бастап «Мен кәсіпкермін» дейтін жаңа құрал пайда болды. Бұл арқылы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнестің әліппесін үйретіп, сертификат береміз. Әйелдер кәсіпкерлігіне арналған жеке бағыт бар. Соның аясында 7 қосалқы қызмет көрсетеміз. Оның ішіне консультация, бизнес-тәлімгерлік, салалық оқыту сияқты аса қажетті шаралар көзделген. Сондай-ақ, бизнесті халықаралық стандарттарға сай бағалау қызметі бар. Халықаралық тәжірибеге қарап Қазақстанда шағын және орта бизнеске көрсетілетін қолдаудың теңдессіз екенін айтуға болады», - деді ҰЭМ өкілі.


Соңғы жаңалықтар