Шағым түскен жоқ: Құзырлы орган Ақтау дүкенін жайлаған тарақандарға пікір білдірді

Фото: None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтау дүкенінің нан сөресін жайлаған тарақандар туралы ешқандай шағым түскен жоқ. Мұны ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Асима Жарылғасова мәлім етті.

«Аталған видеодадағы жағдай бойынша қала тұрғындары тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ. Жалпы сауда-саттық нысандары маңызы елеусіз обьектілер қатарына жатқызылады. Сол себептен олар хабарлама беру арқылы жұмысын іске асырады. Санитарлық-эпидемиологиялық тексеру маңызы елеусіз нысандарға жүргізілмейді. Алайда, адам денсаулығына қауіп төнген жағдайда шағын кәсіпкерлікке жарияланған мораторийді ескере отырып, жоспардан тыс санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жургізіледі. Мораторий кәсіпкерді санитарлық талаптарды орындаудан босатпайды. Сауда-саттық нысандары арнайы мамандырылған мекемемен келісім шартқа отырып, айына 1 рет және қажетінше дезинфекция жұмыстарын жүргізуі қажет», - деп жауап берді Асима Жарылғасова ҚазАқпарат тілшісінің сауалына.

Жергілікті құзырлы орган мәліметінше, санитарлық-эпидемиологиялық тәртіп бұзылғаны туралы арызды кез келген адам eOtinish порталы арқылы жолдай алады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтау дүкенінде нан өнімдерінің арасында жүрген тарақандардың видеосы тарағанын жазып едік.


Соңғы жаңалықтар