«Шағатай жазуы» дегеннен гөрі «ескі қазақ жазуы» дегеніміз жөн - Дүйсенәлі Әбділәшімұлы

None

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ тілінің жазу тарихында әліпби жүйесі көне түркі жазуы, соғды жазуы, қыпшақ жазуы қатарлы бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізген болатын. Он ғасырға жуық уақыт бойы қазақ халқы араб-парсы графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланған еді. Ол графика «шағатай жазуы», «шағатай тілі» деп аталып келген. Біз бүгін осы «шағатай жазуы», «шағатай тілі» туралы Қытайдың Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетін, Жапонияның На Гоя және Киото университеттерін тамамдаған, бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлымен сұхбаттасқан едік.

- Әңгімеңізді халқымыздың көне жазуларының тарихынан бастасаңыз.

- Қазақ халқының ескі жазулары немесе ескі жазба тілі деген мәселелерді жан-жақты зерттеп, мемлекеттік деңгейде қарастырған дұрыс деп санаймын. Елімізде көне жазбаларды зерттеу мектебі әлі толық қалыптасып үлгермеді ғой. Сондықтан халқымыз қандай жазу пайдаланды дегенде, ғылым жолындағы болсын, қарапайым халық арасында болсын, оның анық-қанығын көп адам біле бермейді. Арырақтан бастап айтар болсақ, Орхон-Енисей жазуларынан кейін көне соғды жазуы (көне ұйғыр жазуы деп те айтылады), қыпшақ жазуы дегендер болды. Одан кейінгісі Қазақ хандығы дәуіріне тура келеді. Сол кездегі пайдаланған жазуымызды «шағатай жазуы» деп, ал онымен жазылған жазбаларымызды «шағатай тілінде жазылған» деп айтып жүргеніміз жасырын емес. Одан кейін XX ғасырдың басындағы Ахмет Байтұрсынұлының жазу реформасы аясында барлыққа келген төте жазуды айтуға болады. 1929 жылдан бастап он жыл латын алфавитін, сосын бері қарай кириллицаға өтіп кеттік қой. Шын мәнінде қазақ халқы ұзақ тарихи дәуірде бірталай жазуды ауыстырды. Осының салдарынан жазу мәдениетіміз тоқырап, тарихымыздың ақтаңдақ тұстары көбейді. Яғни, жазулардың ауысуымен бірге шұғылалы тарихымыздың алтын беттері де жабылып қалып отырған. Себебі адамдар көне жазуларды арнайы оқып үйренбейінше, оның сырын аша алмайтыны даусыз.

- Онда біздің тарихымызда «шағатай» атауы қалай пайда болғанын түсіндіре кетсеңіз?

- Шағатай деген атауға тоқталар болсақ, бұл атау негізінен Шыңғысханның екінші ұлының атымен байланысты және солай аталған. Шыңғысхан қайтыс болардан бұрын төрт ұлына өзіне қаратқан жерді бөліп береді. Жошыға кең-байтақ Дешті Қыпшақ даласы (кейін Қазақ даласы деп аталды), Шағатайға Орталық Азияның оңтүстік өңірлері тиді. Сөйтіп Шағатай ұлысы дүниеге келді.

- Ендеше «шағатай тілі», «шағатай жазуы» деген атаулар ғылымға, тарихқа қалай енді деген заңды сұрақ туындайды...

- Бұндай атаулар көбінесе батыс ғалымдары тарапынан ортаға қойылғаны айтылады. Бүгінгі таңда Батыс ғалымдары дерлік осы атауды қолданады. Ал Жапонияда көбінесе «шағатай-түркі тілі» деген атау алынып жүр. Негізінде «шағатай тілі» деген ұғымға назар аударған жөн сияқты, «шағатай тілі» деген атау қаншалықты ғылыми деген сұрақтың төңірегінде де талқы ұйымдастыру артық болмаса керек. Өйткені тіл болуы үшін оны сөйлейтін халық болуы керек қой, мейлі ол тарихта өркендеп, соңынан жойылып кетсе де сол ұлттың атымен атауға болады. Тарихта «шағатай ұлты» деген атаудың қалыптаспағаны белгілі. Шын мәнінде бұл жазу үлгісі Орталық Еуразия даласындағы түркі халықтарына ортақ жазба тіл ретінде пайда болып, дамыған. Жазуда пайдаланған таңбалар араб-парсы әліпбиінен алынған. Дәл осы араб-парсы әліпбиімен 9-10 ғасырлық тарихымыздың хатқа түскенін естен шығармауымыз керек. Тіпті кейінгі төте жазу әліпбиіміз де осы алдыңғы әліпбидің негізінде барлыққа келген.

- Тарихымызда ең ұзақ уақыт қолданыста болған жазу осы араб- парсы әліпбиі ме?

- Иә, осылай айтуға болады. Көне түркі жазуы бар жоғы бір жарым ғасыр ғана қолданыста болды. Ал соғды жазуын қазақтың ру-тайпалары да қолданды. Бірақ Шыңғысханның күшеюінен кейін бұл жазу моңғолдардың қолына өтіп кетті. Қазіргі Моңғол жазуы деп жүрген жоғарыдан төмен қарай жазылатын жазу - сол көне соғды жазуы еді. Бұл түркі халықтарының, соның ішінде қазақты құраған ру-тайпалардың да қолданған жазу-таңбалары болатын. Кейін моңғолдардың мемлекеттік жазуына айналды. Одан кейін Цинь патшалығы дәуірінде манчжур елі (шүршіттер) осы жазу нұсқасын өздеріне бейімдеп пайдаланды. Қазіргі күнге дейін аталған жазу қолданыста жүр деуге болады. Бұған бүгінгі Моңғол, Манчжур жазулары дәлел бола алады.

Бұл арада аз-кем соғды жазуының атауы қайдан шықты дегенге тоқтала кетсек, бұл жазу Соғдиан жерінде (Зеравшан, Қашқадария өңірінде) пайда болған. Ғалымдар оның финик, арамей, сирий жазуларының негізінде жасалғанын алға тартады. Көне түркі дәуірінде бұл жазумен біршама ескерткіштер мен деректер жазылған. Олардың орталығы Самархан қаласы болды. Соғдылар қазір арнаулы ұлт ретінде сақталмағанымен, кезінде көшпелілер мен отырықшы халықтардың сауда-экономикалық қарым-қатынасында аса маңызды дәнекерлік рөл атқарған.

Кейіннен ислам мәдениетінің бізге келуіне байланысты араб-парсы әліпбиі кірді. Енді араб әліпбиіне қарайтын болсақ, VIII ғасырда Талас бойында мұсылман әскерлерімен Тан патшалығы әскерлері соғысады. Сол соғыста Тан әскерлері жеңіледі. Бұл деген қазақ даласының оңтүстік аймақтарына араб әскерлері кірді деген сөз. Содан кейін ислам мәдениеті ақырындап ене бастады. Ал жазу әліпбиі мәдениетпен бірге жүретіні белгілі. Сол кезден бері біздің әлеуметтік өмірімізге ене бастаған араб-парсы жазуы қазіргі заманға дейін жалғасып келеді деуге болады...

Өкінішке қарай, бізде жазу тарихымызды зерттеу мектебі әлі толық қалыптасқан жоқ. Сондықтан да араб-парсыдан келген жазуымыздың өзін «шағатай жазуы» деп, өзіміздің ескі қазақ жазба тілін «шағатай тілі» деп басқаша айтып жүрміз. Жалпы қазақ үшін «шағатай жазуы» деген сөзді қолдану керек пе, жоқ па дегеннің өзі басын ашуға тиісті мәселелердің бірі. Өйткені қазақ даласын Шағатай билемеген. Егер билеген ханның атауымен айту керек болса, онда біз өзіміздің ескі тіл, жазуымызды «Жошы тілі», «Жошы жазуы» деп айтсақ керек еді ғой...

Араб-парсы әліпбиін тарихта қазақтар да, өзбектер де, ұйғырлар да пайдаланды. Түркия түркілері қолданған Османлы жазуы да сол араб-парсы әліпбиі негізінде жасалған болатын...

- Ендеше бүгінде «шағатай жазуы» деп жүрген жазбаларды түсіну қаншалықты қиын?

- Бұл жазуымен жазылған жазбаларды оқығанда, шәкірттер алғашында қазіргі өзбек, ұйғыр тілдеріне ұқсайтын секілді деп жатады. Олай дейтін себебі оның құрамында біздің қазір «ж» деп жүрген таңбамыз көбінде «и» болып жазылады. Мұндай жағдай біз оқыған Қазақ хандығы тұсында жазылған хаттарда үнемі кезігеді. Мысалы, «күннің көзін, иернің иүзін біліп тұрған Боғда Ежен ханның есенлігін тілейміз, көп айларға, көп иылларға» делінеді. Енді осы сөйлемге грамматикалық тұрғыдан қарасақ, сөйлем мүшелерінің орын ауысқанын есепке алмағанда, бүгінгі қазақ грамматикасынан бөлектей алмайсың. Сөздік қоры да ұп-ұқсас. Қазіргі қазақ тілінен айырмашылы «ж» дыбысының «и» болып келуінде. Жазба тілдің фонетикалық ерекшелігіне қарап бұлар біздікі емес, басқаныкі деп өз қоржынымызда жатқан байлықты өзгелерге бере салатын заманда емеспіз. Бұл жазуда да қазақ халқының өз еншісі бар.

- «Шағатай жазуы» деп аталып кетуінің нақты себебін айтсаңыз.

- Жоғарыда айтқанымыздай «шағатай тілі» немесе «шағатай жазуы» деп ертерек қолданғандар – Еуропа ғалымдары. Ғылымда бұл атаудың XIX ғасырдың соңын ала пайда болғандығы айтылады. Өйткені ол кезде моңғолтану әлемде дамып жатқан кезең еді. Ал Шағатай болса Шыңғысханның ұлы. Сондықтан Орталық Еуразияны мекендеген түркі халықтарының жазба тілін «шағатай тілі» деп атау осы өңірлердегі жазу мәдениетін моңғолдармен тікелей байланыстырудан туындаса керек. Енді бір жағынан айтуға ыңғайлырақ болған да шығар...

- Шағатай әліпбиі туралы да айтып берсеңіз?

- Иә, бұл түрдегі әліпби ішінара таңбаларды қоспағанда араб-парсы әліпбиінің өзі деуге болады. Мысалы, араб әліпбиіндегі «каф» пен «нүн» таңбаларын біріктіріп жазу арқылы түрік тіліндегі «ң» дыбысын таңбалаған. Бұл әрине, өзіміздің әліпби таңбаларын толықтырудағы ізденісіміздің жемісі деуге болады. 2010 жылы мен Жапониядан докторантураны бітіріп қайтып келгеннен кейін университетте деректану аясында сабақ бердім. 2015 жылы «Ескі қазақ жазба тілі» деген кітап жаздым. Бұл қарапайым тілмен айтқанда Қазақ хандығы ордаларында жазылған тарихи ескерткіштерді толыққанды оқып түсінуге жол ашатын құрал кітап еді. «Ескі қазақ жазба тілі» жазылғанға дейін Қазақстанда да, шетелде де дәл осы атпен жазылған жеке монографиялық еңбектер жоқ болды, сондықтан жазу барысында көп қиындықтар туындады. Мысалы, Қазақ хандығы дәуірінде хатталған жазбалардың тілін өзімізге бейімдеп, қазақтың көне жазуы ретінде тану, оны ғылыми ортада дәріптеу жағында күш салдым. Бұл сабақ міндеттемелі дәріс ретіне бірталай жыл өтілді. Шәкірттердің арасында бакалавр-магистрлер, докторанттар да болды. Тіпті басқа университеттен арнайы келіп сабақ алған шәкірттер де кездесті.

Бізде былай ғой, Орхон-Енисей жазуын, соғды жазуын, қыпшақ жазуын айтамыз. Содан кейін қазіргі қазақ тіліне секіреміз. Ортадағы бүкіл Қазақ хандығы кезеңі яғни төрт ғасырға таяу уақыт бүкілдей бос қалады. Осындай ақтаңдақ кезеңдердің жазба ескерткіштерін ғылыми зерттеу мақсатында «Ескі қазақ жазба тілі» кітабы дүниеге келді. Бұл жерде мынаны ескере кетуіміз керек, ескі қазақ жазба тілі уақыт шегі жағынан Қазақ хандығы құрылғаннан Ахмет Байтұрсынұлының жазу реформасына дейінгі жазба тілді қамтиды. Бұл аса маңызды ұғым.

Қазақ халқы ежелден егемен ел, Қазақ хандығы қазақтың ұлттық мемлекеті. Сондықтан Қазақ хандығы тұсында үздіксіз қолданыста болған жазба тілді «шағатай тіліне» жығып бергеннен гөрі «ескі қазақ жазба тілі» деп атаған әлдеқайда орынды болса керек. Бұл өз кезегінде ұлттық сананы жаңғыртуда, ұрпақтардың тарихқа, тілге деген жан-сезімін оятуға оң ықпал жасайды.

- Ескі қазақ жазбаларын шағатай тілі иә жазуы деп аталуының тағы қандай себептері бар деп ойлайсыз?

- Қазақ жазуында Ахмет Байтұрсынұлы реформалап, төте жазу үлгісін жасағанға дейінгі жазуды оқу қиынға түскен соң дүрмекке ілесіп, шағатай тілі деп атап жүре берген секілдіміз. Шын мәнінде бізден басқа туыстас халықтар, мысалы өзбектер шағатай тілі деп айтпай, көне өзбек тілі деп атайды. Әрине мемлекеттік тіл-жазу саясаты тұрғысынан көңіл бөлген жөн, төл жазбаларымыздың тілін шағатай тілі дегеннен ұтарымыз шамалы, қайта «ескі қазақ жазба тілі» деген термин біртіндеп орнығуы керек. Бұл жерде «жазба» дегенді қосуымыз қажет. Себебі тіліміздің ауызша және жазбаша деп екіге бөлінетіні белгілі. Ал бізге нақты дерек ретінде жеткені жазбашасы. Мысалы Абылайдың заманында өмір сүрген Бұқар жыраудың өлеңдерін білеміз. Бірақ ол бізге ауызша жеткен. Ал ауызша сақталған өлең уақыт өте келе заманына қарай өңделіп өзгеріп кетуі мүмкін. Ал жазба тілде жазушы қалай жазады, солай сақталады. Дегенмен халқымыздың өткенгі ауызекі тілі мен жазба тілінің ара жігін толық ажыратып беру тым қиын шаруа.

Алдыңғы дәстүрлі жазуда араб-парсы тілінен ауысқан кірме сөздерді өз қалпында жазу үшін араб-парсы әліпбиіндегі барлық таңбалар қолданылатын, ал Ахмет Байтұрсынұлы төте жазу реформасын жасағанда аталған әліпбидің ішіндегі басы артық деп танылған таңбаларды алып тастады. Сөйтіп, төте жазу әліпбиі жасалып, 1929 жылға дейін қолданыс тапты. XX ғасырдың басында осы әліпбимен газет-журналдар, кітаптар басылып шықты. Содан бастап біз өз тілдік нормамызға сай жаза бастадық.

- Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Бейсен Сұлтанұлы 

Соңғы жаңалықтар