+7 (701) 759 90 19
USD 425.75 EUR 499.32
RUB 5.85 CNY 65.88
Jańalyqtar

Шағантоғай петроглифтері ежелгі түркілердің тасқа басқан таңбасы - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2021 жылғы 13 маусым 11:30
Бөлісіңіз:
Шағантоғай петроглифтері ежелгі түркілердің тасқа басқан таңбасы - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Шағантоғай петроглифтері ежелгі түркілердің тасқа басқан таңбасы - CNR

Қытайдың Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданы ежелгі заманның тарихи-мәдени құндылықтарына бай өңір, соның ішінде көп кездесетін ежелгі жартас суреттері көркем галереяны құрайды, деп жазады қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, соңғы уақыттарда Шағантоғай ежелгі петроглифтері тарих, археология және өнер салалары бойынша мамандардың назарын көбірек аударып жүр. Бұл ашық аспан астындағы өнер мұражайындағы жартас суреттерінің мазмұны аң аулау, мал жаю, билеу, діни ғұрыптар және үй жануарлары мен жабайы аңдардың бейнесі болып келеді. Петроглифтегі бейнелер табиғатты, халық тіршілігін анық көрсетіп берген. Олар көркемдік тұрғыдан да өрелі туындылар болып саналады.

«Шағантоғай ауданында ежелгі жартас суреттері көп кездеседі. Олар Чұрчұт жартас суреті, Қарашоқы жартас суреті, Қызылтасбұлақ жартас суреті, Барлық тауы жартас суреті және жұртқа кең танылған Бардақұл ежелгі жартас суреттері деп аталып жүр. Теңіз деңгейінен 816 метр биіктікте орналасқан осы петроглифтерді зерттеген мамандар бұл жартас суреттерін ежелгі түркілердің 3500 жылдан бұрынғы тасқа басқан таңбасы деп таныған. Петроглифтегі бейнелер халық тіршілігін анық көрсетеді. Ал осы ежелгі дәуірдің құнды мұрасы 2003 жылы мемлекеттің материалды емес мәдени мұралары қатарына қосылып, тарихи-туристік нысан болып белгіленіп, қорғауға алынған», -деп жазады CNR сайты.


ӘЧ-2022 іріктеу: Өзбекстан құрамасы Сингапурды ірі есеппен жеңді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Футболдан 2022 жылы Қатарда өтетін Әлем чемпионатына іріктеу ойындары аясында Өзбекстан құрамасы Сингапурды ірі есеппен жеңіп, үш ұпайға ие болды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» агенттігі.

«Ойынның алғашқы бөлігінде Өзбекстан құрамасының БАӘ клубында доп тебетін Жалолиддин Машарипов Сингапур қақпасына екі гол соқты және тайм соңына қарай Италия А сериясындағы «Дженоа» клубының шабуылшысы Элдор Шамурадов есепті 3:0 қалпына жеткізді. Екінші таймда қазіргі кезде қытайлық клубта ойнайтын Адил Ахмедов төртінші голды соқты. Ал қарсылас команданың шабуылшысы Ирфон Фанди өз қақпасына соғылған бесінші голдың авторы атанды. Осылайша кездесу 5:0 есебінде Өзбекстан құрамасының жеңісімен аяқталды. Қазіргі уақытта «D» тобында Сауд Арабиясы көш бастап келеді – 14 ұпай. Ал Өзбекстан құрамасы 6 ойын қорытындысы бойынша 12 ұпайға ие», -деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


«Қыз қуу» материалды емес мәдени мұра қатарына қосылды -«Жэньминь жибао» (People Daily)

Шынжаң өлкесінің 14 мәдени мұрасы Қытайдың 5-ші топтағы мемлекеттік материалды емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді, деп жазады қытайлық kazakh.people.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Қытайдың Мемлекеттік кеңесі 5 -ші топтағы мемлекеттік материалды емес мәдени мұралар тізімінің жаңартылған нұсқасына 31 өлке мен Гонконг, Макао секілді жерлерден 325 мәдени мұра қосылған. Бұлардың ішінде қазақ, орыс, татар, ұйғыр, моңғол, сібе секілді Қытайдағы 7 саны аз ұлттардан 8 мәдени мұра таңдалған. Қазірге дейін Мемлекеттік кеңес 1557 түрлі мемлекеттік материалды емес мәдени мұраны тіркеуге алған.

«Шынжаңнан мемлекеттік материалды емес мәдени мұралар қатарына Шәуешек қаласындағы орыс ұлтының халық биі, Құлжа қаласындағы орыс ұлтының Баян музыкалық аспабы, Шіңгіл ауданының қыз қууы (қазақ ұлтының дəстүрлі ойыны), Керия ауданының имек таяқты добы (ұйғыр ұлтының имек таяқты добы), Морый Қазақ автономиялы ауданындағы қазақ ұлтының кесте өнері, Ұйғыр емшілігі (хотан дәрі шай жасау өнері), татар ұлтының дәстүрлі бал бауырсақ жасау өнері, мақал-мәтел (қазақ ұлтының мақал-мәтелі), Моңғол ұлтының халық әні (Арасан ауданындағы моңғол ұлтының қысқа қайыратын халық әні), дәстүрлі садақ ату өнері (сібе ұлтының), дәстүрлі мыс құралдарын жасау өнері (Қашқар аймағындағы ұйғыр ұлтының мыс құралдарын жасау өнері) секілді мәдени мұралар енген», - деп жазады People Daily.


Вакцина қабылдаған Моңғолия азаматтары Қазақстанға емін-еркін кіре алады - KAZNEWS

12 маусымнан бастап Венгрия, Таиланд, Моңғолияда вакцина алғандар Қазақстанға емін-еркін кіре алады, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«ҚР-ның Мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында Венгрия, Таиланд және Моңғолия азаматтарының қолындағы вакциналау туралы паспорттың, сертификаттың, анықтаманың күші бар деп танылсын», делінген сенбіде жарияланған қаулыда.Осылайша, көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтағы департаменттері, мемлекеттік кірістер органдарының құрылымдық бөлімшелері Қазақстан шекарасынан Венгрия, Таиланд пен Моңғолия азаматтарын еш кедергісіз өткізеді. Аталған мемлекеттерден келген азаматтардың қолында тиісті құжаты болуы керек», - деп жазды Kaznews.


Аланияда Абай саябағы ашылды - TRT

12 маусым күні Түркияның Анталия қаласына қарасты Алания ауданында қазақтың ұлы ақыны, композиторы, ойшылы Абай атындағы саябақ және ескерткіш ашылды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Саябақтың ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы, Алания ауданының әкімі Адем Мурат Юджел, Қазақстанның Аланиядағы Құрметті консулы Ахмет Джебеджи, Қазақстанның Анталиядағы консулы Мәулен Ыбрайкулов және жергілікті қазақ диаспорасы, қонақтар мен БАҚ өкілдері қатысты», -деп жазады TRT.




Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Бақытжол Кәкеш

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT