«Шабыт» жастар байқауына журналистика аталымы қайтадан енгізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің бағдарламасына «Журналистика» аталымы Астананың 20 жылдығын мерекелеуге орай алты жылдан соң қайта енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Аталмыш байқауда жастар бес номинация бойынша бәсекеге түспек. Атап айтқанда, «Классикалық музыка», «Халық музыкасы», «Эстрадалық вокал», «Хореография» және «Журналистика».

Биылғы байқау 5-9 қараша аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Онда 16-35 жас аралығындағы үміткерлер бақ сынайды.

Әр номинация бойынша толық ереже байқаудың сайтында және елордалық Мәдениет және спорт басқармасының сайтында жарияланған. Байқауға қатысатын үміткерлер материалдарды Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасына (010000, Астана қ., Бейбітшілік көшесі, 11мекен жайы бойынша) тапсырады. Сонымен қатар, байқауға қатысуға өтінімді сайт арқылы беруге мүмкіндік жасалған.

Толық ақпаратты +7 (7172) 556771,+7 (7172) 557409 телефондары бойынша Ұйымдастыру комитетінен алуға болады.

Өтінімдерді қабылдау тағы бес күнге ұзартыла отырып 30 қазанға дейін жалғасады.

Айта кетерлігі, «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі үстіміздегі жылы 21-ші рет өткізіледі. Байқауға өтінімдер қабылдау қазан айының басында басталды. 

Соңғы жаңалықтар