«Шабыт» фестивалінде 238 биші сайысқа түсуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Шабыт» фестивалі аясында «Хореография» номинациясы бойынша қатысушылар «Жастар» театрының сахнасында өнер көрсетіп жатыр. Қазақстанның өңірлерінен, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан 26 ұжым мен солистер, яғни 238 биші елордада халық билерін орындауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәдениет және спорт басқармасының мәліметінше, аталмыш номинация бойынша қазылар алқасына ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Наз» мемлекеттік би театрының көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері Қадиша Ағымбаева жетекшілік етеді. Бұдан басқа, қазылар алқасының құрамында Шешенстанның халық артисі, «Вайнах» ансамблінің көркемдік жетекшісі Аднан Мажидов, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген артисі Нұрлан Каметов, «Шалқыма» халық биі ансамблінің көркемдік жетекшісі, мәдениет қайраткері Абдурасул Есекеев, сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Айгүл Күлбекова бар.

«Қазылар алқасының мүшелерінің барлығы да бұрын биші болған. Әрқайсысының хореографияда мол тәжірибесі бар. Біз екінші турға 12 ұжым мен солистерді таңдадық. Қатысушылардың дайындық деңгейлері әртүрлі. Өте мықты бишілер де бар. Біз де, қарапайым көрермен де биді жай тамашалап қана қоймай, оны бағалау үшін әдемі болғанын қалаймыз. Нөмерлердің костюмдері де, музыкасы да, хореографиясы да, би барлық жағынан үйлесіп тұрса, ол назардан тыс қалмайды», - дейді Қадиша Ағымбаева. 

Хореограф Сырға Латыпова «Шабыт» фестиваліне «Шаттық» халық биі ансамблімен бірге Қырғызстаннан келген екен.  Қырғызстанның еңбек сіңірген  мәдениет қайраткерінің шәкірттері фестивальде бұрын да бағын сынаған. Әр жылдары оның тәрбиеленушілері «Шабыт» лауреаттары атанса, бүгінде хореография өнерінің шеберлері және еңбек сіңірген педагогтар  атанды.

«Бір жылдары «Шабытта» бағын сынап, жүлделі орындар алған шәкірттерім, бүгінде мәдениет және білім озаттары. «Шабыт» оларды өнер жолына жетеледі, олардың кәсіпқой ретінде қалыптасуына серпін берді. Республикада жастарға арналған осындай байқаулар мен фестивальдердің өткізілетіні жақсы. Себебі, бұл жастар шығармашылықтағы майталмандарды алмастырады, біз оларды дайындаймыз, жаңа есімдерді ашамыз, ұрпақтар сабақтастығы бар. Биыл 16-17 жастағы 17 биші әкелдік. Әрбір композицияны орындаған кезде менің шәкірттерім өздерінің дербестігін, ерекшелігін көрсетуге тырысты. Біз ойымызды іске асырдық деп ойлаймын(, - деді қырғызстандық ансамбльдің жетекшісі. 
Еске сала кетсек, осымен 21-ші рет өткізіліп отырған шығармашыл жастардың фестиваліне биыл 10 мемлекеттен 345 үміткер қатысуда. 5-9 қараша аралығында өтетін өнер бәсекесінде дарынды жастар «Классикалық музыка», «Халық музыкасы», «Эстрадалық вокал», «Хореография» және «Журналистика» номинациялары бойынша бақ сынайды.

Соңғы жаңалықтар