Сейітқазы Матаевтың ұлы Әсет Матаев үйқамаққа алынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың ұлы, «ҚазТАГ» ХАА жетекшісі Әсет Матаевқа қатысты бұлтартпау шарасы қабылданды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хатшысы Диас Мырзахметов хабарлады.

Бостандық аудандық соты күдіктіні 2 айға үйқамаққа алуға шешім шығарды. Айта кету керек, осыдан 1 ай бұрын ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, «ҚазТАГ» ХАА жетекшісі Әсет Матаев ұсталған болатын. Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ҚР ҚПК 128-бабы негізінде оларға бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырды және аса ірі көлемде салық төлеуден жалтарды деген айып тақты.
Ведомствоның хабарлауынша, тергеу барысында Ақпараттандыру жөніндегі комитет пен «Қазақтелеком» АҚ-на мемлекеттік саясатты дамыту мен баспа басылымдарына материалдар жариялауға бөлінген 300 миллион теңгеден аса қаражаттың жымқырылғаны анықталған.
Аталған ведомстволар осы мақсатта «ҚазТАГ ХАА» ЖШС және «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігімен келісімдер бекіткен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы қаласы бойынша департаментінің хабарламасында аталып өтілгендей, Ақпараттандыру комитеті аударған 80 млн. теңге көлеміндегі және «Қазақтелеком» аударған 260 млн. теңге көлеміндегі қаржыны Ұлттық баспасөз клубының басшысы Сейітқазы Матаев қолма-қол ақшаға айналдырды. Сонымен қатар, тергеу анықтағандай, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан Матаев 1,4 млрд. теңге сомасындағы қаражатты қалтасына басты, 327 млн. теңге көлеміндегі салық төлемеді.
Сейтқазы Матаев та бір айдан бері үйқамақта отыр.
Өткен аптада осы іске қатысы бар деген күдікпен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Ақпараттандыру және байланыс комитетінің экс-басшысы Болат Берсебаев, оның орынбасары Бек Арпабаев, «Қазақтелеком» АҚ басшысы Батыр Махамбетажиев ұсталған болатын.
Медеу аудандық сотының шешімімен олар да үйқамаққа алынды.
Айта кету керек, ҚР Ақпараттандыру және байланыс комитетінің бірнеше лауазымды тұлғалары мен «ҚазТАГ» ХАА, «Қазақтелеком» өкілдері аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын.
Тергеу 160 млн көлемінде қаржы қолды болғанын анықтады. Бұл қаржы 2010-2015 жылдардағы мемлекеттік саясатты ақпараттық қолдауға бағытталған еді.

Соңғы жаңалықтар