Сейфуллин бастаған большевиктерді Алашордаға қарсы қою дұрыс емес - Зиябек Қабылдинов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сәкен Сейфуллин бастаған «большевиктерді» бүгінгі таңда Алаш Ордаға қарсы қойып, қаралау дұрыс емес, олар да қазақ халқына қызмет етті. Оларды да 1937-38 жылдары соттады, атты, дейді Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов бүгін ҚР Президент архивінде ХХ ғасыр басындағы тарихи тұлғаларға қатысты өткен жиында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Алматыдағы ҚР Президент архивінде «1917 жыл. Қазақстандағы Кеңес билігінің басталуы. Тарихи тұлғалар» тақырыбында тарихшы ғалымдар мен зиялы қауымның басын қосқан жиын өтті. Елбасы Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласында: «Биыл Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр аумағын астаң-кестең еткен 1917 жылғы қазан айындағы оқиғаға 100 жыл толды. Күллі ХХ ғасыр революциялық сілкіністерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейілінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгертті. Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағлым алды», деп жазды. Осы мәселе төңірегінде ұйымдастырылған бүгінгі дөңгелек үстелде тарихшы ғалымдар Қазақстанға қазан төңкерісінің ықпалы, қазіргі заманғы көзқарас, большевиктер билігіне қазақ зиялыларының араласуын зерделеу арқылы ХХ ғасыр басындағы дүрбелеңді саралау мәселелерін талқылады. Жиында баяндама жасаған Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов Сәкен Сейфуллин бастаған большевиктердің қазақ халқы үшін жасаған еңбегін жоққа шығарып, Алаш ордаға қарсы қойып, қаралау дұрыс емес екенін айтты.

«1921-22 жылдары Ақмола облысында сұрапыл ашаршылық болды, сонда 474 мың қазақ аш қалды. Сәкен Сейфуллин осы қазақтарды аштықтан аман алып қалды. Қазақтың зиялы ұлдары қай партияның құрамында болса да Отанына, еліне қызмет қылған. Сәкен Сейфуллин Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып тұрғанында қазақ халқына жемісті қызмет етті. Сондықтан, Алаш зиялылары мен большевиктерге қызмет еткен азаматтарды қарама-қарсы қою дұрыс емес. Өйткені, С. Сейфуллин осы жылдары Алаштың мықты азаматтарын қызметке тартады. Оның ішінде, А.Байтұрсынов, Бірімжанов, С.Садуақасұлы, Т.Тельжанов сынды Алаш партиясының азаматтары болды. Егер ол халқын ойламаса, ондай қадамдар жасамас еді. Сәкен Сейфуллин үлкен қызметте жүргенінде денсаулық саласы, дене шынықтыру, спорт, мәдениет, ғылым салаларына көп еңбек сіңіреді. Мысалы, Патшалы Ресей кезінде біздерді «киргиз-кайсак» деп келді ғой, Сейфуллин сол қазақ атымызды қайтаруға көп үлес қосқан. Сәкен Сейфуллин мемлекеттік тілге көп көңіл бөлген. Мен мұрағат материалдарынан Сейфуллиннің тілге қатысты мынадай сөздерін жазып алдым. «Іс қағаздары айналымына қазақ тілін ендіру өте қиын жұмыс. Оны жүзеге асыру үшін бізге қайтпас қайсарлық қажет. Алда, губерниялардың отырысында осы мәселе бойынша есептерін тыңдайтын боламыз», деп жазған. Сол кезде ол Қазақстанның бірінші басшысы ретінде мемлекеттік тілге осындай жанашырлық қылған. Қазір Елбасымыз «Болашақ» стипендиясымен жастарды оқытып жатыр. Сәкен Сейфуллин де осы «Болашақтың» бастамасын жасаған. Сәкен Сейфуллин Ресейдің Еуропа бөлігіндегі айтулы оқу орындарында қазақ жастарын оқытуға 1 140 оқу грантын алған. 1834 жылдардан бастап, қазақ жастары әскерге алынбайтын. Сәкен Сейфуллин офицер болам деген қазақ жастарын Қазандағы әскери оқу орнына баруға рұқсат алып берген. Шахмат ойындарын насихаттаған, Затаевичтің «Қазақтың 1000 әнін» шығаруға да жәрдем еткен. Сәкен Сейфуллин дін мәселесіне де көңіл бөлген. Ел басқарып тұрғанында басшыларға «Ораза, Айт кезінде мүмкіндікке қарап, демалыс беру қажет» деп айтқаны бар. Латын әрпіне қатысты Сәкен Сейфуллин 1929 жылы «Латын әрпінің тиімділігін өмір көрсетіп отыр» деп жазған», - деді тарихшы Зиябек Қабылдинов.

Бүгінгі жиында С.Сейфуллинмен қатар, Тұрар Рысқұлов, Сейітқали Меңдешев сынды тұлғалардың өмір жолы, қызметіне арналған баяндамалар жасалып, тарихи құжаттар көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар