Севказэнергосбыт жылуға заңсыз есеп жүргізген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Севказэнергосбыт» ЖШС-нің тұтынушылар балансындағы желілер бойынша жылу шығындары үшін есептеулер жүргізу әрекеті заңсыз деп танылды. Бұл туралы ақпаратты Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметі таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомствоның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Петропавл тұрғындарының шағымы негізінде сотқа жүгінген. 2021 жылғы қарашадан бері теңгерімдік тиесілік шекарасында орналаспаған есептегіш құралдары бар тұрғындар «Севказэнергосбыт» ЖШС-нің жылу шығындары үшін есептеу жүргізу заңдылығына қатысты мәселе көтерген.

Іске қатысушы прокурор ТМРКД арызындағы талаптарды толық көлемде қанағаттандыру туралы қорытынды береді.

Сот 2022 жылғы 25 сәуірде қолданысын тоқтатқан әдістеме негізінде жылу энергиясымен жабдықтауға 2007 жылғы 31 желтоқсаннан кейін жасалған шарттардағы шығын есептеуді жарамсыз деп тани отырып, СҚО ТМРКД-нің талап-арызын ішінара қанағаттандырды.

Сондай-ақ, сот «Севказэнергосбыт» ЖШС-нің тұтынушылар балансындағы желілер бойынша жылу шығындары үшін есептеулер жүргізу жөніндегі әрекеттерін заңсыз деп таныды.

«Севказэнергосбыт» ЖШС-не 2020-2021 жылдар кезеңінде жылу шығындары үшін есептелген сома төленген жағдайда, есептеу жұмыстарын тоқтатуды және сот шешімі күшіне енгеннен кейін тұтынушыларға қайта есептеу жүргізуді міндеттеді.

Бұл ретте, сот тұтынушының жылу шығындарын төлеу міндеті көзделген «Севказэнергосбыт» ЖШС-нің тұтынушылармен жасасқан жылу энергиясымен жабдықтау шарттарының талаптарын жарамсыз деп тану туралы ТМРКД-ның талабынан бас тартты.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар бір ай ішінде осы сот шешіміне шағымдануға құқылы.

Еске салсақ, биыл 20 наурызда Петропавлдағы жылу электр орталығында апат болып, қылмыстық іс қозғалды. Жылу орталығының директоры мен бас инженері қамалды . Апат орнындағы үйінді астында қалған жұмысшы әйелдің денесі табылды.

Мұнан соң Экология, геология және табиғи ресерустар министрлігі апатқа қатысты мәлімдеме жасап, мәселенің қалай шешілу керектігін айтты.

Кейін ЖЭО-дағы апат бойынша «Севказэнерго» АҚ-ның бас директоры ұсталды.

Апат болған Петропавлдағы ЖЭО иесі 4,9 млн теңге айыппұлмен келіспегені де хабарланды.


Соңғы жаңалықтар