«Серпін» бағдарламасының гранттары игерілмей жатыр - БҒМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі «Серпін» бағдарламасының гранттарын тарату жүйесін өзгертуді ұсынып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, бүгінде «Серпін» бағдарламасына мемлекеттік тапсырыстың 10 пайызы бөлінеді. Ал мемлекеттің тапсырысы артқан сайын гранттардың саны өседі. Осының нәтижесінде «Серпінге» тиесілі 10 пайыздың көлемі де артады. Бірақ аталған гранттар толығымен игерілмейді.

«Мәселен, былтыр аталған бағдарлама аясында 5 089 грант бөлінді. Алайда оның тек 67 пайызы ғана игерілді. Себебі «Серпінге» қатысуға ниет білдіретін жастар аз», - деді Т.Ешенқұлов бүгін ҚР Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстелде.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар қажетті мамандықтарды жақсы біледі. Сондықтан грант бөлуді әкімдіктерге беруге болады. Ал қаржыны тікелей трансфертпен аударып отыруға мүмкіндік бар.

«Біз «Серпін» бағдарламасының гранттарын мақсатты трансфертпен жергілікті атқарушы органдарға аударуды ұсындық. Бірақ Қаржы министрлігі ол бастамамызды қолдаған жоқ. Осы мәселені әлі де талқылап, бір шешімге келеміз деген үмітіміз бар», - деп атап көрсетті Т.Ешенқұлов.

Айта кетейік, биыл білім гранттарын тағайындау жүйесінде өзгерістер болады. Жоғары оқу орындарын жан басына қарай қаржыландыру жүйесіне басымдық беріледі. Мәселен, ҰБТ-да жоғары ұпай алған мектеп түлегі қай оқу орнын таңдаса, сол жерге грант беріледі.

«Өткен жылы аталған бастама магистратурада 21 мамандық бойынша сынақтан өткізілген болатын. Биыл заң нормалары бойынша магистратура бөлімі грант тағайындаудың жаңа моделіне толығымен көшеді», - дейді Т.Ешенқұлов. Бұдан бөлек, мектеп түлектеріне мамандықты таңдау жағы жеңілдей түседі.

Соңғы жаңалықтар