«Серпін» бағдарламасы бойынша гранттардың саны неге азайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстіктің жастарын солтүстік аймақтарда көптеп шоғырландырып, жұмыс күші мәселесін шешуді көздейтін «Серпін- 2050» бағдарламасы аясында биыл бөлінген гранттардың саны азайды. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмед-заки аталған мәселенің себебін түсіндіріп берді.

«Енді, дәл қазір айту қиын. Менің ойымша, қазір 10 пайыздық мөлшерлеме бар. Жалпы грант санының он пайызы сол бағдарламаға бөлінуі керек деген. Ол бір жерден алынған сан емес. Сонда бүгінде 31 000 гранттың он пайызы, 3 100-дей грантты («Серпін - 2020 бағдарламасына - авт.) беріп отыр. Демек, жыл сайын Қазақстан бойынша қанша грант бөлінсе, соның 10 пайызы алынып отырады. Сондықтан гранттардың жалпы көлемі азайғаннан кейін анау да азайып тұр. Алдыңғы жылы ондай шектеу болмаған. Бірақ мен ол кезде жұмыс істеген жоқпын. Бертін келе, шектеу үкіметтің қаулысымен бекітілді. Менің білуімше, солай», - дейді Д.Ахмед-Заки.

Айта кетейік, жақында Астанада өткен жиындардың бірінде «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов аталған бағдарлама аясында бөлінетін білім гранттарының азайып жатқанын жеткізіп, аталған мәселенің себебін түсіндіріп беруді сұраған болатын. Себебі алғашқы жылы солтүстік облыстардың оқу орындарына түсетін оңтүстіктің жастары үшін 2 050 грант бөлінсе, келесі жылы аталған көрсеткіш бірден 6 200-ге дейін көтерілген. Биыл аталған гранттардың саны күрт төмендеп, 4 300 грантты құрады.  «Гранттардың саны азайды. Мен оның себебін білмедім. Елбасы гранттарды көбейтіндер, көбейтіндер деп жатқанда біз кері кетіп жатырмыз», - деді М.Әбенов.  

Соңғы жаңалықтар