Серікқали Брекешев Президент сөгісінен кейін отставкаға кете ме

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Мемлекет басшысынан сөгіс алғаннан кейін отставкаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл тұрғыда шешімді мен қабылдамаймын. Отставкаға жіберу туралы шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды. Сондықтан отставка мәселесіне қатысты ештеңе дей алмаймын. Біздің жұмысымызға бағаны жоғары басшылық береді», - деді Серікқали Брекешев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялады.

«Салалық министрлікке қатысты айтсақ, министрге сөгіс жариялаймын. Біріншіден, сөгіс жоғарыда айтқан кемшіліктер үшін беріліп отыр. Сондай-ақ, киіктердің келешек тағдыры туралы түсініксіз әуре-сарсаң мен пікірталас қалыптастырғаны үшін сөгіс жарияланады. Мұның бәрін қоғамдық талқылаудың осыншалық деңгейіне шығарудың қажеті не? Бұл мәселеге ұлтымыздың менталитетін ескере отырып, кәсіби тұрғыда келу керек. Шынымен де, киік – қазақ халқы үшін киелі жануар болып есептеледі», - деген еді Үкімет отырысында Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін экология министрі Серікқали Брекешев Президент сынынан кейін киік популяциясын реттеу мәселесі қайта талқыланғанын айтып өтті.


Фото: ortcom.kz




Соңғы жаңалықтар