Серікқали Брекешев: Өңірлердің экономикалық дамуы сондағы кен орындарының зерттелуіне байланысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Геология саласы – ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігі. Себебі, өңірлердің материалдық-шикізаттық базасының жай-күйі, демек, әлеуметтік-экономикалық дамуы пайдалы қазбалары мол кен орындарының зерттелуіне тікелей байланысты. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінен анық аңғаруға болады. Сол жиында Президент Қызылорда облысында мұнай қорының таусылып бара жатқанын, ал бұл мәселе өңірге оңай тимейтінін мәлімдеген еді. Осы ретте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев геологиялық барлау перспективалары туралы айтып берді.

– Серікқали Аманғалиұлы, бүгінгі таңда еліміздің геология саласын дамытудың әлеуеті қандай?

– Қазақстанның осы саладағы әлеуеті зор. Қазақстан пайдалы қазбалар (вольфрам, хром, уран, марганец, мырыш және қорғасын) қоры бойынша әлемде жетекші орында.

Пайдалы қазбалардың көптеген түрінің расталған қоры бойынша республика әлемнің жетекші елдерінің алғашқы ондығына кіреді. Бұл ретте Қазақстанның әлемдік қорлардағы үлесі вольфрам бойынша 63%-ды, хром бойынша 48%-ды, уранда 12%-ды, күмісте 6%-ды, мыс бойынша 4%-ды құрайды.

Бүгінгі таңда Doing Business Дүниежүзілік банкінің әлемдік рейтингіне сәйкес, Қазақстан бизнес жүргізу қолайлығы жағынан 3 жыл ішінде 41-орыннан 25-орынға көтерілді.

Бұдан бөлек 2018 жылы Қазақстанда жер қойнауын пайдалану саласында заңнамалық реформа жүргізілді. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекс қабылданды. Бұл жаңалық жер қойнауын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыруды едәуір жақсартуға мүмкіндік берді. Бұл сайып келгенде Қазақстанға Фрейзер институтының инвестициялық тартымдылығы рейтингінде 73-тен 24-орынға дейін көтерілуіне мүмкіндік берді. 2000-2018 жылдар аралығында 600 нысанға жер қойнауын пайдалану құқығы берілді. Жаңа кодекс күшіне енгеннен кейін 3 жылдан аз уақыт ішінде 1107 лицензия берілді.

Сонымен қатар елдің жер қойнауы әлі толық зерттелген жоқ. Демек бұл бағытта әлі де көп жұмыс істеу керек дегенді білдіреді. Елімізде жаңа кен орындарын ашу жолында айтарлықтай перспективалар бар деп сеніммен айтуға болады. Мысалы, көмірсутектер бойынша геологтар шамамен 76 миллиард тонна баламалы отын ресурстарымен 15 шөгінді бассейнді анықтады. Шөгінді бассейндердің зерттелу дәрежесі әртүрлі, олардың 5-еуі дамыған, 5-еуі аз зерттелген және 5-нің болашағы жоқ.

Бүгінгі таңда мұнай-газ өндірісінің барлық көлемі 5 игерілген бассейнде өндіріледі. Олардың ішінде ең ірісі – Каспий аймағы, оған елдің ресурстық базасының шамамен 80% -ы тиесілі.

Одан бөлек Каспий теңізі аймағы отандық және шетелдік компаниялар тарапынан жер қойнауын пайдалануға инвестиция салу үшін әлі де тартымды болып қала береді. Негізгі бассейннің көмірсутек шикізатының қорын арттыру үшін барлық геологиялық барлау жұмыстары неғұрлым терең қабаттарды зерттеуге бағытталуы тиіс.

Сондай-ақ, мемлекеттік бюджет есебінен Солтүстік Торғай, Арал және Сырдария, Ертіс маңы, Шу-Сарысу сияқты аз зерттелген бассейндерді зерттеу жоспарлануда. Қазіргі уақытта өңірлік геологиялық зерттеулер жүргізу нәтижесінде пайдалы қазбалардың әртүрлі түрлерінің – қара, түсті және асыл металдардың, кен емес және көмірсутек шикізаты кен орындарын анықтауға әлеуетті перспективалы көптеген алаңдар анықталды. Шикізат әлеуетін ары қарай іске асыру үшін пайдалы қазбалардың болжамды ресурстарын айқындауда кен объектілерінің перспективалы алаңдарын зерделеу қажет.

Моноқалалардың минералдық-шикізат базасын нығайту үшін 25 нысан бойынша болжамды ресурстардың әлеуетін айқындау мақсатында 2025 жылға дейін геологиялық зерттеулер жоспарланған.

– Жер қойнауын геологиялық зерттеу - ұзақ және қауіпті процесс. Осы салада қандай проблемалар барын атап бере аласыз ба?

– Геология саласының міндеті – ел экономикасын минералдық шикізат қорларымен қамтамасыз ету. Әлемдік тау-кен және мұнай өндіру салаларындағы қазіргі жағдай әлі де тұрақсыз. Ал нарық конъюнктурасын әлі де ешкім алдын ала болжап біле алмайды. Дегенмен орташа мерзімді перспективада ресурстарға әлемдік сұраныс өседі, ал ұзақ мерзімді перспективада әлемде шикізат пен су ресурстарының тапшылығы қаупі сақталады.

Саладағы жүйелік проблемаларға мемлекеттік қаржыландырудың жеткіліксіздігін және салалық инфрақұрылымның нашарлығын жатқызуға болады.

Аталған мәселелерді шешу жолдары 2030 жылға дейінгі геология саласын дамыту тұжырымдамасында көрсетілген. Оның мақсаты – минералдық-шикізат базасының тұрақты орнын толтыруға, дамытуға және бәсекеге қабілеттілігін қолдауға жағдай жасау.

– Аз зерттелген аумақтар қалай игеріледі?

– Аз зерттелген Солтүстік Торғай, Ертіс маңы, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу –5 шөгінді бассейннің шикізат әлеуетін бағалау үшін біз Қызылорда, Қостанай, Түркістан және Павлодар облыстарының ресурстық базасын кеңейтуге бағытталған іс-шаралар кешенін жоспарладық. Бүгінгі күні Ақмола және Қостанай облыстарында, сондай-ақ елдің орталық, шығыс және оңтүстік өңірлерінде жаңа алтын кен орындарын ашуда айтарлықтай әлеует бар. Жаңа қорғасын-мырыш кен орындары Орталық және Оңтүстік Қазақстанда, Кенді Алтайда, сондай-ақ шекара маңындағы алаңдарда ашылуы мүмкін.

Сондай-ақ вольфрамның, молибденнің, алюминийдің, қалайының және сирек кездесетін жерлердің жаңа кен орындарын ашу перспективалары баршылық. Кейінгі жылдары әлемдік нарықтың сұранысы өзгеріп келеді. Сирек кездесетін жер металдарына, оның ішінде литийге деген сұраныс арта бастады. Міне, сол себепті шикізаттың осы түрін барлауға ерекше назар аударылып отыр.

Мысалы, республикалық бюджет қаражаты есебінен Шығыс Қазақстандағы Ахмер учаскесінде іздестіру-бағалау жұмыстары жүргізілді. Бұл ашық әдіспен пайдалы қазбаларды өндіруге тиімді.

Бұл ретте минералдық-шикізат базасын толықтыру жөніндегі мақсатты қызмет жаңа инвестицияларды тарту үшін ынталандыру ғана емес, сонымен қатар жер қойнауын пайдалануға қаржы салған инвесторлар үшін шешуші фактор.

- Саладағы өзекті мәселелерді реттеу үшін арнайы тұжырымдама қабылданатынын айтып қалдыңыз. Геология саласын дамыту қаншалықты маңызды екенін ескере отырып, болашақта қандай міндеттерді іске асырмақсыздар?

- Әрине, 2030 жылға дейінгі геологиялық саланы дамыту тұжырымдамасы аясындағы шараларды жүзеге асыру бірінші кезектегі мәселе. Биыл біз 70 нысанда жер қойнауын геологиялық тұрғыда зерттеп, ресурстарды іздеп, бағалау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, осы жылы жылы МСШ-2016 халықаралық хроностратиграфиялық шкалалары негізінде Қазақстан фанерозойының стратиграфиялық схемаларын жаңғырту жөніндегі жобаны аяқтау көзделген.

2022-2025 жылдар кезеңінде салалық инфрақұрылым құру көзделеді. Оған зертханалар мен керн қоймалары кіреді.

- Саланың табысты түрде дамуы үшін инвестиция қажет. Инвесторларға геологиялық ақпарат қолжетімді болуы үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Қазіргі уақытта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазгеология» АҚ-пен бірлесіп, «Қазақстан Республикасының минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкі «Ақпараттық жүйесін құру және енгізу» жобасын іске асыруда. Жобаның мақсаты – Қазақстан аумағының геологиялық зерттелуін күшейту және геологиялық барлауға инвестиция тарту.

Ол үшін қажетті құқықтық база дайындалды. «Ұлттық деректер банкі» жүйесін пайдалану жаңа «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексте ақпаратты сақтауға, мемлекеттік органдар мен жер қойнауын пайдаланушылар арасында бірыңғай терезеде коммуникация орнатуға арналған құрал және платформа ретінде де көзделген.

Ақпараттық жүйенің құрамдас бөліктері – бұл геологиялық мәліметтер базасы, интерактивті карта, бизнес-процестер мен есептілік модулі, талдау модулі. Ұлттық деректер банкінің жүйесін енгізумен бірге өтініш берушілерге бірінші өтінім қағидаты бойынша барлық аумақтары бар интерактивті картадан учаскелерді таңдау арқылы жер қойнауын пайдалануға лицензия алу мүмкіндігі беріледі.

Жүйе қағидаты «paperfree» тұжырымдамасына негізделген. Яғни жүйені мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау және заманауи құралдарды пайдалану есебінен қамтамасыз етілетін құжаттарды қағаз түрінде ұсыну қажеттілігінің болмауы. Ұлттық деректер банкінің порталы арқылы жер қойнауын пайдаланудың 21 негізгі процесі автоматтандырылады. Пилоттық жоба биыл іске қосылады.

- Геологиялық барлау саласында халықаралық компаниялармен ынтымақтастық қалай? Бірлескен жобалар бар ма?

- Кейінгі 7-8 жыл ішінде елдің геологиялық барлауына RioTinto, KORES, ILUKA Resources және тағы да басқа әлемдік деңгейдегі бірқатар ірі шетелдік тау-кен компаниялары тартылды. «Қазгеология «ҰГК» АҚ-ның геологиялық барлау жүргізуге инвесторлар тарту бойынша оң тәжірибесі бар. Соңғы 3 жылда 75 мың шаршы шақырым аумақта зерттеу жүргізілді. «Қазақмыс» корпорациясымен бірге Дүйсембай ірі қорғасын-мырыш кен орны, Ulmus қорымен Бесшоқы мыс кен орны, RioTinto – Балқаш ауданындағы Прибрежное кен орны ашылды.

Ынтымақтастықтың нәтижесінде шамамен 17 млрд теңге тартылды. Бірлескен жобаларды қаржыландырумен қатар, инвесторлар барлаудың озық әдістері мен технологияларын енгізуді, сондай-ақ қазақстандық персоналды оқытуды міндетіне алады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта USGS технологияларын пайдалана отырып, сирек кездесетін металдарды қоса алғанда қатты пайдалы қазбаларды анықтауға өңірлік зерттеулер жүргізу шеңберінде «Қазгеология ҰГК» АҚ-ның АҚШ геологиялық қызметімен (USGS) ынтымақтастығы талқылау сатысында.

Ресеймен геология саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және минералдық-шикізат әлеуетін айқындау мақсатында шекара маңындағы аумақтардың жер қойнауын бірлесіп зерттеу мәселесі пысықталып жатыр. Басым жобалардың бірі – Орталық Азияның сирек металды-алтын – полиметалл провинциясы саналатын Үлкен Алтайды зерттеу. Шетелдік геологиялық қызметтер мен инвесторлардың өзара тиімді ынтымақтастық бойынша үлкен қызығушылығын ескере отырып, біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз.

- Сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз!


Соңғы жаңалықтар