Серікқали Брекешев Атырау облысындағы экология проблемаларына назар аударды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы «Теңізшевройл» компаниясы ауаны ластаушының бірі ретінде аталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, «Теңізшевройл» ЖШС-нің алау жағылатын технологиялық қондырғыларында жүйелі іркіліс орын алады.

«Кәсіпорын тек өңірде ғана емес, республикада да атмосфераны негізгі ластаушылардың бірі болып отыр. Алайда, «Теңізшевройл» алауларда газ жағуды жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнама нормаларына сілтеме жасап, технологиялық тұрғыдан шарасыз деп санайды. ТШО нысандарына іргелес елді мекендердің тұрғындары алау қондырғыларының шығарындылары үшін үнемі шағымданады. Компания газды еріксіз жағу көлемін азайту, оның себебін анықтау, газды жағудың барлық сценарийіне толық талдау жасау мен оны азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуы қажет», -деді министр.

Нәтижелер Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне, сондай-ақ Атырау облысы бойынша экология департаментіне жолданатын болады.

«Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне ТШО-ның жобалық құжаттарын қарау кезінде штаттан тыс жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды қосуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Газды жағуға байланысты штаттан тыс жағдайлардың әрбір дерегі бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 328-бабына сәйкес жүйелі болған жағдайда оның көзін тоқтата тұруға дейінгі шаралар қабылдансын», -деп мәлімдеді Серікқали Брекешев.

Мұнай өндіру мен газды өңдеу көлемінің ұлғаюына байланысты қоршаған ортаға жүктеме артады.

«ТШО-ның қызмет аймағындағы қоршаған ортаның жай-күйі туралы деректерді нақтылау және жаңарту қажеттілігі туындап отыр. ТШО-ға 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде қоршаған ортаның жай-күйін барлық параметр бойынша (елді мекендердің радиоэкологиялық жағдайы, халық денсаулығы, ТШО қызметінің халыққа шаққандағы мөлшерлік жүктемесі) бағалау жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Жүргізілген жұмыстардың нәтижелерін Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне және жұртшылыққа ұсыну қажет, -деді министр.


Соңғы жаңалықтар