+7 (701) 759 90 19
USD 425.75 EUR 499.32
RUB 5.85 CNY 65.88
Jańalyqtar

Серікбай Трұмов: Туризм нысандарының салынуы облыс экономикасына зор серпін береді

2021 жылғы 22 шілде 15:19
Бөлісіңіз:
Серікбай Трұмов: Туризм нысандарының салынуы облыс экономикасына зор серпін береді

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының энергетикалық, көлік-логистикалық және туристік әлеуеті зор. Аймақ Қазақстанды жаһандық және өңірлік нарықтармен байланыстыратын аса маңызды транзит торабы болып саналады. Сондай-ақ өңір ұлттық экономиканың дамуына да елеулі үлес қосып отыр. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында аймақ жеті экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсім көрсетті. Маңғыстау облысының дамуы мен негізгі мәселелері туралы облыс әкімі Серікбай Трұмов Рrimeminister.kz-ке берген сұхбатында айтып берді. ҚазАқпарат сұхбаттың толық мәтінін ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
«Атамекен» экспедициясы Маңғыстау облысын аралады Президентке Каспий теңізі жағалауындағы туристік кластерді дамытуға арналған жобалар таныстырылды Тоқаев Ақтау мен Құрық порттарының базасында контейнерлік хаб құруды тапсырды

- Сұхбатты бүгінгі күннің өзекті мәселесінен бастасақ. Биыл бұрын-соңды болмаған қуаңшылыққа байланысты төрт түлікті жем-шөппен қамтамасыз ету қиындап отыр. Әсіресе, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жағдай күрделі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге қатысты бірқатар тапсырма берген болатын. Жағдайды тұрақтандыру бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

- Соңғы 1-2 жылдан бері жаңбырдың аз болуына байланысты өңірімізде қуаңшылық, қазір қиыншылықтар болып отыр. Бұл мәселе туындағаннан бері біз көрші облыстармен меморандумға отырып, ол жерден жем-шөп тасу мәселесі бойынша жұмыстарды бастадық. Ауыл шаруашылығы министрлігімен әрдайым бірлесе жұмыс жасап отырмыз. Біріншіден, жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөліп, «Каспий» ӘКК арқылы орталықтан министрліктің бөлуімен өңірге арпа, жем әкеліп, үлестіріп жатырмыз. Оның негізгі көлемі 1 200 тоннаға жуық. Оның қазір 600 тоннадан астамын әкеліп халыққа бердік. Осы соңғы 500 тоннаға жуығы бүгінде келіп, арнайы операторлар арқылы аудандарға бөліп беріп, таратып жатырмыз. Сонымен қоса, Ақтөбе облысының бірнеше аудандарымен біздің аудандардың арасында арнайы меморандум жасалды. Ондағы мақсат – сол жердегі шабылған шөпті біздің өңірге жеткізу болатын. Бұған да тиісті операторлар белгіленді. Сол жердегі шөп аудандарға әкелініп, сатылып жатыр. Негізгі бір мәселе, баға айырмашылығында болып тұр. Оны қолжетімді бағаға жеткізу бағытында тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Оның ішінде өзіміздің өндірістік мекемелер де жанар-жағар маймен көмектесу бағытында өздерінің қолғабыстарын тигізіп жатыр. Өздеріңіз бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден де көріп жатсыздар, ерікті азаматтар осы өңірдегі төрт түлік малдың басын аман алып қалу үшін өздерінің де көмектерін созып жатыр. Мен осы бүгінгі сұхбатты пайдалана отырып, сол азаматтарға елдің атынан, өзімнің атымнан алғыс айтқым келеді. Түркістан облысынан бізге бірнеше вагон тегін шөп келіп жатыр. Оны да аудан, қалаларда арнайы штаб құрып, ерікті азаматтар өздері халыққа жеткізіп беруде. Ақтөбе облысынан да кейбір кәсіпкерлер өздерінің шөптерін осы өңірдегі азаматтарға жеткізіп беру мақсатында үлестерін қосты. «Қазақстан темір жолы» компаниясы ерікті азаматтар дайындаған шөптерді вагонмен тегін жеткізіп беріп жатыр. Бұның өзі біздің өңірдегі қалыптасқан жағдайға байланысты өздерінің қосып жатқан үлесі. Осы үшін де Маңғыстау жұртшылығының атынан осы азаматтарға, Түркістан облысына, Ақтөбе облысына, «Қазақстан темір жолы» компаниясына зор алғысымызды білдіремін. Осыған бастама болып жүрген Құрмет сияқты көмек қолын созып жатқан азаматтарға елдің атынан рахметімді айтқым келеді. Әрине, мемлекеттің қолдауынсыз мәселе толық шешілмейді. Себебі, біздің өңіріміздің өзінің табиғи ерекшелігі бар және орталықтан сәл шалғай жатырмыз. Айтып өткенімдей, бағаға қатысты біраз айырмашылық бар. Сондықтан Үкіметтің резервтік қорынан бұған дейін 1,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл - қаражат әрбір шаруа қожалығына өзінің аналық мал басына байланысты берілетін қаражат. Бұл қаражатты бөліп беру үшін біз әрбір ауданда, ауылда арнайы комиссия құрдық. Ол комиссия әрбір шаруа қожалығындағы, әрбір үйдегі мал басын санап, соны актілейді, сол актіге сәйкес біз тиісті қаражатты әрбір азаматқа үлестіретін боламыз. Бұл жұмыс міне, қазір басталып кетті. Сонымен қоса, кеше өңірімізге Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлы келді. Елдегі қалыптасқан жағдайға, ауыл шаруашылығының жағдайына байланысты жиын өтті. Соған сәйкес, Үкіметтен көмек қажет екенін айтып, алдағы қыс маусымына жем-шөп қорын жасақтау үшін көмек сұрадық. Үкімет басшысының тарапынан тиісті министрліктерге тапсырма берілді. Алдымыздағы қыс маусымына жем-шөп дайындау үшін тиісті қаражат бөлінетін болды. Бұл қаражатқа Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан шөпті тасып жеткізіп, жем алуымыз керек. Бұл - өңірдегі ауыл шаруашылығында қалыптасқан қиын жағдайға байланысты ұйымдастырылып жатқан жұмыстар.

- Құрғақшылық, жанар-жағар май бағасының өсуі сияқты факторлар сәйкесінше ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын арттырады. Бағаның өсуін тежеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өңірде қандай шаралар жүзеге асырылуда?

- Әрине, бұл да бір үлкен әлеуметтік мәселе. Өздеріңіз білесіздер, мемлекет тарапынан 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын ұстап тұру жөнінде бізге арнайы тапсырма бар. Осы тапсырмаға сәйкес күнделікті жұмыс жүргізілуде. Біріншіден, осы 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрінің қорын жинақтау бойынша осы уақытқа дейін жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге көлемінде қаражат бөлдік. Бұл қаражатқа орталықтан, ішкі облыстардан 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатып аламыз. Оны қоймаларда сақтап, қажет болған кезде дүкендерге үлестіріп, бағаны бірқалыпты ұстап тұру жұмыстарын үйлестіреміз. Сонымен бірге кәсіпкерлермен жасалған, негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру бойынша меморандумдар бар. Сенбі, жексенбі күндері арнайы жәрмеңке ұйымдастырылады. Мұндайда сауда орындарынан берілетін орындардың бәрі тегін болады. Сондықтан азық-түліктің бағасын ұстап тұру үшін осындай жұмыстар атқарылуда. Әрбір үлкен супермаркеттерде арнайы әлеуметтік бұрыш жасақтадық. Сол супермаркет иелерімен, дүкен иелерімен осы бұрыштардағы әлеуметтік азық-түліктің бағасын бірқалыпты ұстап тұру, яғни, тиісті деңгейден асырмау жөнінде келісімдеріміз бар. Біздің өңірдегі азық-түліктің, бақша өнімдерінің бәсекелестігін ұстап тұру үшін Иран, Әзербайжан бағытынан су жолымен келетін тауарлардың бағасы біркелкі, бұл бағаны ұстап тұруға да өзінің септігін тигізеді. Сондықтан негізгі әлеуметтік азық-түліктің бағасын ұстап тұру үшін осындай кезең-кезеңмен бірнеше бағыттағы жұмыстар ұйымдастырылуда. Жалпы, өңірімізде өнім өндіргенде ғана бағаны толық ұстап тұруға қол жеткізуге болады. Осы бағытта жылыжайлардың көлемін арттыру бойынша әр ауданның алдына жоспар қойып, біраз жұмыс атқарып жатырмыз. Яғни, жылыжай көлемін жылына 7 га жуық ұлғайтамыз деп жоспар қойдық. Бұл жұмыс жалғастырылады. Сонымен қоса, жақында жылына 5 мың тонна құс етін шығаратын фабрика іске қосылды. Ол да біздің ішкі өнімді көбейтуге, бағаны қалыпты ұстап тұруға өзінің септігін тигізеді.

- Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталсақ. Облыстың даму қарқынына сәйкес тұщы суға сұраныстың да артқаны белгілі. Су тапшылығын болдырмау, өңірді толық тұщы сумен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жобалар бар ма?

- Өңірде суға да қатысты мәселе бар. Біз жалпы күні бүгін тұтынып отырған су көлемі мынадай: Астрахань-Маңғышлақ бағытындағы су құбыры арқылы тәулігіне 64 мың текше метр су аламыз және бізде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесі бар. Осы мекеме күніне 52 мың текше метр су шығарады. Сонымен қатар, коммуналдық меншігімізде «Каспий» су тұщыту зауыты» бар, ол 20 мың текше метр көлемінде су шығарады. Және жер асты су көздерін пайдаланамыз, олардың көлемі ондай көп емес, 12 мың текше метрдей. Барлығы, күні бүгін тұтынып отырған су көлемі тәулігіне 140-150 мың текше метрді құрайды. Жаз мезгілдерінде бізде 40-50 мың текше метрдей су көлемі жетіспейді. Яғни, жазда су тапшылығы бар, жазда суды тұтыну көбейеді, жер үйлерде тұратын азаматтардың шағын бақшалары бар. Осыған сәйкес, су көздерінің көлемін арттыру, басқа да су көздерін пайдалану бағытында бес жылдық өңірлік бағдарлама жасалды, арнайы бөлім ашылды. Осы бағдарламаға сәйкес, бірнеше жоба қолға алынды. Атап айтқанда, Кендірлі демалыс аймағының қасынан 50 мың текше метр теңіз суын тұщыландыратын зауыт салу жобасы қолға алынды. Қазір оның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып бітті. «Қазмұнайгаз» компаниясы осы жобаның құрылысын әрі қарай жалғастыру бойынша тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Одан кейін «Каспий» су тұщыту зауытының» көлемін тағы 40 мың текше метрге дейін жеткізу бойынша жоба жасалып бітті, қазір мердігері анықталып, құрылысын бастап кеттік. Бұл жобаға республикалық бюджеттен қаражат бөлініп жатыр, біз бұл жобаны жылдың аяғына дейін толығымен аяқтау үшін барлық күшімізді салып жатырмыз. Себебі, келесі жылы да су тапшылығы болады, осы тапшылықты шешу мақсатымыз бар. Бұдан басқа, «Қаражамбас» кен орнында 17 мың текше метр суды тұщыландыратын зауыт салынып жатыр. Ол зауыттың құрылысы аяқталған соң, ондағы су көлемін тұрғындарға беру жөнінде келісімге келеміз. Сонымен қоса, Мұнайлы ауданында, қасымыздағы Түпқараған ауданының Ақшұқыр, Сайын елді мекендерінде жаз мезгілдерінде су тапшылығы болады. Соған сәйкес біз жергілікті бюджеттен арнайы қаражат бөліп, шағын су тұщыландыратын қондырғыларды қойып жатырмыз. 3 мың текше метр суды тұщытатын қондырғыны Мұнайлы ауданына қойдық. Қазір Ақшұқырдағы бұрынғы теңіз жағалауындағы жерасты құдықтарының суын тұщыландырып, тұрғындарға жеткізу мақсатында жұмыстар атқарылуда. Бұл алда су тапшылығын толық жою бойынша жасалып жатқан жобалар. Қазір «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС базасында тағы 24 мың текше метр теңіз суын тұщыландыру жобасы жасалып жатыр. Бұлардың барлығын жоба біткен бойда республикалық бюджеттен немесе осы жердегі жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың қаражаты есебінен бұл жұмыстардың барлығын атқаратын боламыз. Бұл жұмыс тоқтамайды, біз күнделікті тиісті бағдарламамызға сәйкес Жол картасын жасап, жұмысты күнделікті жүргізіп отырмыз.

- Ендігі мәселе – вакциналау. Ең төмен көрсеткіш Маңғыстау облысында тіркеліп отыр - (14-шілдедегі мәлімет бойынша) небәрі 23,6%. Жақында өткен ҚР аумағында КВИ таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысында Премьер-Министр вакциналау қарқынын ұлғайтуды тапсырды. Мәселені шешу үшін қандай шаралар қолға алынды?

- Жалпы өңірдің медициналық жабдықтармен қамтылу, медицина мамандарын қолдау деңгейі қандай? Індеттің алдын алу, індетпен күресу, оны тоқтату мақсатында бірден бір атқарылатын жұмыс негізінен – екпе салу. Біз бірнеше арнайы топтар шығарып, насихаттап, түсіндіру жұмыстарын күнделікті жүргізіп жатырмыз. Әрине, мәселе бар. Кейбір ұжымдарда вакциналауға қарсы шығып жатқан адамдар бар. Дегенмен күніне мыңнан астам адам екпе алуда. Мұның екінші бір бағыты азаматтарды ынталандыру мақсатында лотерея ойындарын ұйымдастыру, тіпті, пәтер ойнатуды да ойластырып отырмыз. Жақында ғана Денсаулық сақтау министрлігінен арнайы топ келді. Біздің эпидемиологтармен бірге халыққа, ұжымдарға вакцина алудың өте қажет екенін, індеттен бізді құтқаратын да, біздің денсаулығымызды сақтайтын да осы екпе екенін елге жеткізу, айту, түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізді. Біздің осы салада қызмет жасайтын білікті мамандарымыз бұл жұмысты әрі қарай жалғастыра береді. Денсаулық сақтау саласының медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне, денсаулық сақтау нысандарының жұмысына қатысты өткен жылдан бері біраз жұмыстар атқарылды. Арнайы модульдік инфекциялық аурухана салынды, қазір халыққа қызмет етіп тұр. Республикалық бюджеттен, жергілікті бюджеттен және көптеген осы жерде қызмет етіп жүрген компаниялардың көмегімен індетпен күресу жұмыстарды үйлестіру үшін біраз медициналық құрал-жабдық алынды. Мысалы, біздің аудандарымыздың барлығында компьютерлік томографтар, рентген аппараттары, ӨЖЖ аппараттары, оттегі концентраторлары сияқты індетпен күресу үшін медициналық көмек көрсету бағытында бірқатар медициналық құрал-жабдық алынды. Медициналық нысандарымызға қатысты. Біз індетпен күресудің алдында біраз дайындық жұмыстарын жасадық, бірнеше орын белгіледік. Яғни, алдымызда қандай да бір қиындық туындайтын болса, біздің толық дайындығымыз бар. Көбіне-көп туындайтын мәселе – денсаулық сақтау саласындағы кадрлар мәселесі. Осыған сәйкес жыл сайын жергілікті бюджеттен грант бөлу үшін қаражат бөлеміз. Жылына 60-қа жуық маманға грант бөлеміз. Бізге жылына грант алып, оқу бітірген 60-70 маман келеді. Келген мамандарды пәтермен қамтамасыз ету бойынша өткен жылы тиісті қаражат бөлініп, Жаңаөзен қаласында біраз жұмыстар атқарылды. 30-ға жуық пәтер алып, келген мамандарды пәтермен қамтамасыз еттік. Ал ауылдық елді мекендерде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жұмыс істейді, мемлекеттің тиісті қолдауы бар. Ауылдық елді мекендерге келетін дәрігерлердің мәселелері толық шешіліп отыр. Медицина саласында алдағы уақытта екі үлкен жоба жүзеге асырылады: біреуі – Мұнайлы ауданында 150 орындық орталық аурухана салу, қазір конкурс өтіп, мердігерді анықтап жатырмыз, екіншісі – Ақтау қаласында МЖӘ бойынша қалалық деңгейдегі үлкен аурухананы салу, оған арнайы жер бөлініп, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

- Маңғыстау облысында мұнай мен газ қоры жеткілікті, өңір экономикасының негізін де осы мұнай-газ секторы құрайды. Облыста шамамен 600-ге жуық өнеркәсіптік кәсіпорын тіркелген. Дегенмен, шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Осы саланың бүгінгі ахуалына тоқталып өтсеңіз?

-Маңғыстаудың негізгі экономикасы, өндірісінің 70-80%-ы негізінен мұнай саласына байланысты. Өңірдің экономикалық дамуында да мұнайгаз саласы көш басында тұр. Бізде «Қазмұнайгаз» АҚ қарасты «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражамбасмұнайгаз» тәрізді бірнеше үлкен-үлкен компаниялар жұмыс істейді. Осы салада 50 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Мұнайгаз саласында өткен жылы жыл басында мұнай бағасының тұрақсыз болуы, төмендеп кетуіне байланысты, одан кейін пандемияға байланысты, одан кейін мұнай бағасын қалыптастыру, ұстап тұру үшін ОПЕК+ шектеулеріне байланысты қиындықтар болды. Ол қиындықтар негізінен мұнайгаз саласына қызмет көрсететін компаниялар үшін біршама ауыр соққы болды. Ол жерлерде жұмысшылардың жұмысының тоқтап қалуына, олардың ақысыз демалысқа шығуына т.б. жағдайларға әкелді. Осы жылдың басынан бастап мұнайгаз саласында баға біраз дұрысталды. Қазір өндірістегі жұмыстар қалыпты жүріп жатыр. Бірақ, «Өзенмұнайгаз»-ға қатысты бірнеше мекеме Өзендегі жұмысшылардың еңбекақысы төмен болуына байланысты жалақыны көтеру, осы Өзен кен орнында жұмыс істейтін негізгі мекемелердің табыс деңгейіне дейін жеткізу жөнінде талаптарын қойып жатыр. Әрине, бұл жерде тиісті заңның, жекеменшік мекемелердің, арнайы сатып алу заңдылықтарына байланысты жұмыстардың бар екенін ескеру керек. Осыған байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейбір мекемелермен жұмыс берушілер мен жұмысшылардың арасында жасалған еңбек келісімшартына байланысты жұмыстар атқарылып жатыр. Негізгі жұмыс беруші – «Өзенмұнайгаз» компаниясы осы саладағы мердігерлеріне байланысты жалпылама кешендік жоспар бойынша анықтау жұмыстарын жүргізуде. Бұл мәселені біз «Қазмұнайгаз» АҚ-мен бірлесе отырып кезең-кезеңімен, жұмысшыларға хабарлай отырып, арнайы комиссия арқылы толығымен шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Еліміздің Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты, яғни бірнеше аутстаффинг компанияда жұмыс жасайтын азаматтардың еңбекақысын негізгі жұмыс беруші компанияларда жұмыс жасайтын азаматтардың еңбекақысымен теңестіру жөніндегі заңға сәйкес өткен жылдары өндірістік мекемелердің аутстаффинг компанияларында біраз өзгерістер болды. Бұл бағытта да «Қазмұнайгаз» АҚ-мен бірлескен жұмыстар атқардық. Бірнеше компанияда жалақыны бір деңгейге келтіру бойынша жұмыстар жасалды. Тиісті заң талаптарына сәйкес бұл жұмыстар әрі қарай жалғастырыла береді.

- Президент өңірлердің әкімдеріне шағын және орта бизнесті қолдауды жеке бақылауға алуды тапсырды. Маңғыстау облысында пандемия кезінде ШОБ субъектілеріне қандай қолдау шаралары көрсетіліп жатыр?

- Пандемия кезінде бірінші кезекте зардап шеккен шағын және орта бизнесте жүрген кәсіпкерлер болды. Біраз шектеулер, карантиндік талаптар қойылды. Соған сәйкес осы саладағы кейбір кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап қалды немесе жұмысының біраз уақытқа дейін тоқтата тұру бойынша біраз қиындықтар туындады. Біздің өңірде қазір жалпы 53 мыңнан астам ШОБ субъектісі (кәсіпорындар, азаматтар) бар. Мемлекеттік қолдаулар көп көрсетілуде, «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламасына сәйкес шағын несиелер беріледі. Пандемия кезінде зардап шеккен ШОБ-қа Үкіметтің арнайы шығарған шешімдеріне сәйкес салықтардан босату, оның ішінде тек бір салық емес, бірнеше салықтан – мүлік салығы, жер салығы, табыс салығы тәрізді салықтардан босату жөнінде шешімдер қабылданды. Бұл жұмыстарды «Атамекен» ҰКП-мен біріге отырып атқардық. Өңірдегі зардап шеккен кәсіпкерлердің санын анықтап, оларға мемлекеттен бөлінетін жеңілдіктердің барлығын таныстырып, әрқайсысына жеткіздік. Қазір пандемия кезінде біз «Ashyq» қосымшасын пайдаланып жұмысын жалғастырып отырған кәсіпкерлерді қолдаймыз және тиісті санитарлық талаптарды сақтайтын кәсіпкерлерді әрдайым қолдауға әзірміз. Себебі, олар – жұмыс орындарын құрып, тиісті салықтарын төлеп отырған кәсіпкерлер. Сондықтан біз оларды әрдайым қолдауға міндеттіміз.

- Облыста халықты жұмыспен қамту және табысын арттыру қалай іске асырылып жатыр? Жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, инвестициялық жобалар және жеке бастамаларға тоқталсаңыз? Табыссыз қалған азаматтар мен әлеуметтік осал топтардағы азаматтарды қолдаудың қандай шаралары қарастырылған?

- Мемлекеттік арнайы бағдарламалар бар, «Еңбек», жұмыспен жаппай қамту бағдарламалары және кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстар атқарылады. Бізге өткен жылы 1,2 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Биыл «Еңбек» бағдарламасымен 1,6 млрд теңге көлемінде және «Атамекен» ҰКП тағы 1 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы бөлінген қаражат. Аталған қаражат шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау бағытында жұмсалады. Алдын ала біз «Бизнес бастау» бағдарламасына сәйкес оқытамыз. Сол оқуды аяқтағаннан кейін ғана шағын несиелермен қамтамасыз етеміз. Шағын несие көлемі әр түрлі, мысалы, 4-6 млн теңгеден 12-18 млн теңгеге дейін. «Еңбек» бағдарламасы арқылы ауылдық жерлердегі азаматтарға да, қала тұрғындарына да несие беріледі. Сондай-ақ бизнесті қолдауға арналған «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында да жеңілдікті несиелер беріледі. Бұл бағдарлама бойынша осы жылдың өзінде 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр. Атап айтсақ, инфрақұрылымды жеткізуге, бұрын алған несиелерін қайта құрылымдауға және т. б. қатысты мемлекеттік қолдаулар. Мұның барлығы жергілікті жерде шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған қаражат. Сондай-ақ бизнесті жаңадан бастаушыларға, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау мақсатында қаражат бөлінуде. Бұл тұрғыдан, мемлекеттен гранттар бар, осы бағытта 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Сол қаражатты халыққа бөліп жатырмыз. Барлық аудандар мен қалаларда тиісті бағдарламаға сәйкес жұмыстар қолға алынған. Әлеуметтік әлжуаз топтарды мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылған. Оларға мемлекеттен берілетін барлық төлем уақытылы төленуде.

- Биыл жыл басынан бері елімізде тұрғын үй бағасы мен құрылыс материалдарының бағасы өскені байқалады. Осы ретте Маңғыстау облысында бағаның жосықсыз өсуіне жол бермеу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Биыл құрылыс материалдарының бағасы өсіп кетті, себебі, мысалы, темір, құрылысқа пайдаланылатын арматура, цемент бағалары өсті. Министрлікпен бірігіп бағаны тұрақтандыру бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Құрылыс материалдарының қымбаттауына орай, сатылып жатқан тұрғын үйлердің де бағасы шарықтады. Баспана бағасының өсуінің тағы бір себебі – зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін алуға рұқсат берілуі. Қазір нарықта сұраныс болған соң, тұрғын үйге деген сұраныстың артқанына байланысты баға да сәйкесінше өсті. Мысалы, Ақтау қаласында жылына 700 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынады. Бұл Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі үшінші жоғары көрсеткіш. Жалпы облыс бойынша 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Бағаны тұрақтандыру жолында министрлікпен қатар, құрылыс компаниялары да өз ұсыныстарын беріп жатыр. Біздің бір мүмкіндігіміз – негізгі инерттік материалдар, мысалы қиыршық тас, құм сияқты материалдар өзіміздің өңірде, Маңғыстауда шығады. Олардың бағасында аса өсім байқалмайды, бірақ сырттан, Ресейден келетін құрылыс материалдары қымбаттаған. Осы ретте, министрлікпен бірлесіп құрылыс материалдарының бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстарды атқаратын боламыз.

-Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Үкіметке жол инфрақұрылымы мен жол бойындағы сервис сапасы мәселелерін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл бағытта бірінші жартыжылдықта не істелді және екінші жартыжылдыққа жоспар қандай?

- Жалпы, жол құрылысына байланысты облысымызда өте жақсы жұмыстар атқарылып жатыр деуге толық негіз бар. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында және «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 240 шақырым жол құрылысы жүргізілді. Өткен жылы қиындықтарға байланысты Мемлекет басшысы мен Үкіметтің арнайы тапсырмасымен «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 31 млрд теңге көлемінде қаражат берілді. Соған сәйкес бірнеше жол құрылысы, негізінен, ауылдық елді мекендердің ішкі жол құрылыстары жүргізілді. Сондай-ақ «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына сәйкес бірнеше жол, атап айтқанда, Маңғыстау облысындағы елді мекендер арасындағы жолдар толығымен салынған. Оның ішінде өткен жылы біз «Ақтау-Жетібай», «Жетібай-Жаңаөзен» үлкен магистарльдық І санатты жолды толық аяқтап шықтық. Бұл да өңірдегі үлкен жобалардың бірі. Осы жылдың басында бізге республикалық бюджеттен 17 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл – әуежайдан Ақтау қаласында дейінгі жолды қайта құрылымдау және қаладан демалыс аймағына дейінгі жолды реконструкциялау, және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендердің ішкі жолдарын салуға жұмсалады. Аталған жұмыстар қазір басталған. Әуежайдан Ақтау қаласында дейінгі жол құрылысының 80 пайызға жуық аяқталды. Қаладан жылыжайға дейінгі жол құрылысы да 80 пайыз аяқталды. Алдағы уақытта «Жетібай-Құрық» тас жолын реконструкциялауға 11 млрд теңге қаражат қарастыру туралы жобаны да мемлекет қолдады, жұмысты бастап жатырмыз. Бүгінде жоба мердігері анықталды, жұмыс жалғасып жатыр, оны алдағы жылы толық аяқтауға толық мүмкіндігіміз бар. Бұған қоса, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына байланысты Сайын елді мекенінде, Форт-Шевченко қаласында, Мұнайлы және Бейнеу аудандарында, Қарақия елді мекенінде, Мұнайшы ауылында жұмыстар бар. Бұның барлығын осы жылдың 2 жартыжылдығында толық аяқтау жоспарда бар. Елді мекендердің арасындағы жолдарды негізінен салып болдық. Қызан мен Ақшымырау ауылдарынан басқа елді мекендерде жұмыстар аяқталды. Осыған дейін 30 шақырымдай асфальт жолды жөндеуге қатысты конкурс өтіп, мердігер таңдалып жатыр, республикалық бюджеттен осы жұмысты бастауға тиісті қаражат бөлінді. Осы жолды қоссақ, біздің елді мекендеріміздің арасындағы жолдар толық аяқталады. Енді қалғаны – ауылішілік, үйге дейінгі жолдарды салу. Олар да «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

- Бүгінгі таңда өңірге тартылған инвестициялардың басым бөлігі туризм саласына тиесілі. Күні кеше Үкімет басшысы Асқар Мамин өңірге жұмыс сапары аясында туристік аймақтардың құрылыс барысымен де танысқан еді. Облыстың курорттық аймақтары қалай дамып жатыр?

- Біздің ең үлкен байлығымыз – Каспий теңізі. Оның жағалауындағы курорттық аймақтарды дамыту бойынша ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы 2018 жылы Ақтау қаласында саммит өткен кезде Үкіметке біздің Каспий теңізі жағалауында да республика тұрғындарының демалуына жағдай жасау туралы арнайы тапсырма берген еді. Өткен жылы аз уақыт ішінде Rixos қонақ үйі салынды. Оған 69 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды, бірнеше жұмыс орны ашылды. Жыл басында екінші кезеңін бастадық. 130 га жерге курорттық аймаққа туризм объектілерін салу бойынша жұмыстар қолға алынды. Осы екінші кезең бойынша алғашқы жұмыстарды аяқтап жатырмыз. Бүгін Rixos қонақ үйі жанында тақырыптық парк іске қосылды, республика тұрғындарының келіп демалуына үлкен жағдай жасалды. Бұл – Каспий теңізінің жағасындағы ойын алаңдары, адамдардың демалуына мүмкіндік беретін үлкен жоба тақырыптық парктің құрылысы аяқталды. Алда басқа да жобаларымыз бар, оның ішінде туристерді қабылдайтын 300 орындық қонақ үйдің салынуы, Базис компаниясының салып жатқан 100 орындық қонақ үй құрылысы бар. Жыл соңына дейін тағы бірнеше нысанды іске қосамыз. Олар – теңіз жағасына адамдардың келіп демалуына жағдай жасайтын туризм нысандары. Осы жылдың өзінде өңірге 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады. Бірнеше жұмыс орны ашылады. Біздің есебіміз бойынша, 1 600 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондықтан Үкіметтің қолдауымен осы туризм объектілерін одан әрі дамыту үшін инфрақұрылымды жүргізуге арнайы қаражат бөлініп жатыр. Жол салу, сумен жабдықтау, электр энергиясымен, газбен қамтамасыз ету бойынша республикалық бюджеттен қаражат қарастырылды. Сарқынды суларды алып кететін құбырлардың құрылысы басталды, оған республикалық бюджеттен қаражат сұрап жатырмыз. Қаражат берілсе, жағажайдағы барлық туризм объектілерінің инфрақұрылымын толық аяқтап шығуға мүмкіндік болады. Бұл Маңғыстау облысының экономикасына үлкен серпін беретін халықаралық деңгейдегі туризм объектілері. Шетелдерден де туристерді көптеп тартуға жол ашылады. Үкіметтің бақылауымен қазір атқарып жатқан жұмыстар өзінің жемісін беретініне сенеміз.

- Сапар барысында Премьер-Министр балық шаруашылығына арналған инвестициялық жобаның құрылыс алаңына барды. Жобаның ерекшелігі неде? Өңірдің балық саласын дамытуда қандай жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді?

- Балық шаруашылығын дамытуға да бізге мүмкіндік беретін – қарт Каспий. Облысымызда 1 400 шақырымға жуық Каспий жағалауы бар. Жылдың басында балық шаруашылығын дамыту жөнінде мемлекеттік үлкен бағдарлама қабылданды. 2030 жылға дейін Маңғыстау өңірінде 100 мың тонна балық өсіретін шаруашылықты іске қосуымыз керек. Соған сәйкес, инвесторлардың ұсынысымен, Үкімет басшысының қатысуымен осы бағытта «Інжу маржан» жобасы қаралды. Ондағы біздің ұсынысымыз – теңіз жағасында табиғи орналасқан ойпаң жерлерді, яғни сорды пайдалана отырып, оларды сумен толтырып, сол жерлерде балық өсіру жобасын іске асыру. Бұл жобаларды инвесторлармен бірлесіп қарап жатырмыз. Жобалық-сметалық құжаттама жасалуы керек. Бізде Қаракөл деген ерекше қорғалған аймақ бар. Соның қасынан дәл сондай көл жасақтап, сол жерде балық өсіру жобасын іске асырғымыз келеді. Үкімет басшысы келгенде бұл жоба таныстырылды, әрі қарай министрлікпен және инвесторлармен бірлесе осы жобаны қолға аламыз. Бұған қоса, өңірде шағын балық шаруашылығымен айналысатын бірнеше жоба бар. Министрлікпен бірге Бөлекбаев деген азаматтың қолға алған жобасымен таныстық. Онда құрылыс жұмыстары басталып кетті, осы жылдың соңына дейін алғашқы балық өсіру жұмыстары басталады. Сондай-ақ «Қазақ Бекіре» мекемесі біраз жылдан бері қызыл балық өсірумен айналысады. Мұнда мемлекеттік қолдау, балық жеміне берілетін субсидия қарастырылған. Дегенмен де, жобаны әрі қарай кеңейткіміз келеді. Бұл алдымызда тұрған үлкен жоспар. Үкімет басшысына тағы бір жоба таныстырылды. Бұл еркін экономикалық аймақта инвестор неміс технологиясын пайдалана отырып, балық өсіретін жобасын таныстырды. Бұл жобаны жермен қамтамасыз еттік, алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттарын жасақтап, іске асыруы тиіс, ол біздің бақылауымызда болады. Қажетті инфрақұрылымды салуға біз көмек көрсетеміз. Балық шаруашылығы бойынша мемлекеттік бағдарлама бар. Өңір теңіз жағасында орналасқандықтан, бізде байырғы кәсіби балықшыларымыз бар. Сондықтан өңірде балық шаруашылығы іске асады деген сенім бар.

- Сұхбатты 2021 жылдың алғашқы алты айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен қорытындыласақ. Бірінші жартыжылдықтағы қандай нәтижелерді атап өтуге болады?

- Жалпы, осы алты айдың қорытындысы бойынша біздің негізгі экономикалық көрсеткіштеріміз жақсы деңгейде болды. Өңірде тұрғын үй құрылысы мен туризм нысандарының салынуына байланысты құрылыс жұмыстары өте қарқынды жүргізілді. Сонымен қоса, соңғы кезде өңдеу өнеркәсібіне көп көңіл бөліп отырмыз. Себебі, өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз керек, шикізат өндірісімен шектеліп қалмауымыз керек. Оған минералды тыңайтқыштарды шығаратын «ҚазАзот» компаниясы өнім көлемін арттыру арқылы зор үлесін қосуда. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына сәйкес тиісті жеңілдікті несие бөлу арқылы осы компанияның мүмкіндіктері кеңейтілуде. Ауыл шаруашылығында орталық облыстарда егін егуде минералды тыңайтқыштарға сұраныс өте жоғары. Сондықтан аталмыш компанияның жұмысы қазір қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар бізде жол құрылысына пайдаланылатын битум шығаратын «CASPI BITUM» үлкен өндіріс орны жұмыс істейді. Қазір техникалық-экономикалық негіздемесін жасап, өндіріс көлемін ұлғайту бойынша жұмыс атқарылуда. Ауыл шаруашылығында жылыжайлар көлемін ұлғайтуға, өнім өндіруге, құс фабрикаларын іске қосуға біз үшін өте қажет өңдеу өнеркәсібі ретінде көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Олар өңір экономикасын көтеруге бірден бір үлес қосатын салалар. Биылғы жылдың алты айының қорытындысы бойынша барлық салаларда өңірде жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Алдағы уақытта да осындай көрсеткіштерді сақтап қалу бойынша жұмыстар жалғасады.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT