Серікбай Трұмов: Мен үшін туған жерімнің әр тасы қымбат

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов қоғамда қызу талқыланып жатқан Бозжыра маңында визит-орталық салуға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елдің дамуында келелі мәселелер әр уақытта да болған және бола береді.

Мәселе көтерілген кезде ел азаматтары бас көтеріп, халыққа жол сілтеп, билікке зиялы қауымның ұстанымын жеткізеді, бұған тарих куә. Біздің өлкеде де ел азаматтарының пікірі басты назарда.

«Мен үшін туған жерімнің әр тасы қымбат. Мен де өңір перзенті ретінде көркем табиғатымыздың бұзылмай сақталуын қалаймын. Сонымен қатар өңір басшысы болғандықтан, халыққа жұмыс тауып беру, ел экономикасын көтеру - менің басты парызым.Сіздер туған даламыздың бір бөлшегін мақсаты бөлек бөтен біреуге қиып бере салады екен деп ойламаңыздар. Барлығы да заң аясында іске асырылады»,- -деді ол.

Сондай-ақ атқарушы орган өз тарапынан инвесторға табиғатты қорғау, жергілікті кәсіпкерлікті қолдау, халықтық құндылықтарымызды сақтау, туризмді әлемдік өркениетпен, адами, мәдени нормаларды сақтай отырып жүргізу бойынша нақты талаптар қойып, қатаң қадағалайтын болады.

«Мұнай қоры да бір күндері таусылады. Қазір бізге туризмді дамыту арқылы табысқа қол жеткізу пайдалы болып отыр. Оған табиғи мүмкіндігіміз де, теңізіміз де, көрікті жерлеріміз де бар. Өңірге қыруар инвестицияның келуінің арқасында туризм, соған қоса шағын және орта бизнестің (қолөнер, ұлттық тағам, ауыл шаруашылығы, т.б.) қанат жаюына, инфрақұрылымдардың дамуына, жол құрылысының өркендеуіне, жолаушылар тасымалының заманауи деңгейге көтерілуіне, жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға қол жеткіземіз»,- деді С.Трұмов.

Маңғыстауда биыл ашылған «RixosWaterWorld» қонақүй кешенінде 700-дей жаңа жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындар қызмет етуде, тиісті салық өңір қазынасына тұрақты түсіп отыр. Енді, шын мәнінде, ішкі туризмнің әлеуеті күшеюі нақты көрініс табуда.

«Біз бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Инвестор ақша саламыз деп, өзі келіп тұрса, неге одан бас тартамыз?! Мұндай мүмкіндік күнде бола бермейді. Сондықтан, Бозжырадағы жобаны іске асыруымыз керек. Ол ел болашағы үшін керек.

Жобаға байланысты пікірлер екіге жарылғанын да байқап отырмын. Пікір алуандығы қоғамды дамытады, алға сүйрейді. Бірақ әр азаматтың таңдауы мен жеке ұстанымын құрметтеу мәдениеті ескерілуі тиіс», - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысының Құрық ауылында «Визит орталығы» жұмыс жобасының «Қоршаған ортаға әсерін бағалау» бөлімі бойынша ашық отырыс нысанындағы қоғамдық тыңдау өткенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар