Серік Жұманғарин мен Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Екібастұзға барды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Екібастұзға барды.

Бұл туралы ҚазАқпарат Үкіметтің Telegram каналына сілтеме жасап хабарлайды.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов – апат орнында.

Үкімет мүшелерінің міндеттері – апаттың себептерін анықтап, зардап шеккен тұрғындардың бірінші кезектегі мәселелерін шешу. Төтенше жағдай салдарын жедел жою барысы бақылауға алынды.

Қазіргі уақытта ЖЭО-да 6 қазандық жұмыс істейді. 143 көп қабатты және 132 жеке үйге, сондай-ақ 13 әлеуметтік нысанға жылу қайта қосылды. 21 учаскенің 20-сында жөндеу жұмыстары аяқталды. Проблемалық мәселелерді анықтау мақсатында үй аралау шарасы жалғасып жатыр. Қалада азаматтар үшін 14 жылыту пункті жасақталған.

Естеріңізге сала кетсек, 27 қараша күні түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын.

Осыдан кейін қаладағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері Павлодарға ауыстырылып, мектеп оқушылары онлайн білім алуға көшірілді.

Бүгін Үкімет отырысында облыс әкімі Әбілқайыр Ысқақов қаладағы ахуалға қатысты есеп берді.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Екібастұз қаласындағы жағдайды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.


Соңғы жаңалықтар