Серік Жұманғарин: Қазақстанда АИ-92 маркалы бензинінің бағасы 170 теңгеден аспайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – АИ-92 маркалы бензинінің бағасы литріне 170 теңгеден аспайды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ тілшілерімен кездесу барысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жанар-жағармай бағасы өсімінің экономикалық негізін қарасақ, біріншіден, былтыр акциз көтерілді, сосын зауыттың өндіру бағалары жоғарылады. Оны былтыр ешқайсысы өнім құнына енгізбеді. Себебі тұтыну көлемі азайып, өткен жылы жанар-жағармай құны төмендеді. Осы орайда кейінге шегерілген баға тәртібі биыл қосылды. Екіншіден, Атырау мұнай өңдеу зауыты тоқтап қалды. 5 сәуірде жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс еді, бірақ іске қосылмады. Енді осы айдың аяғына дейін (24 сәуірге дейін) тұруы мүмкін. Бұл тұрғыда АИ-92 маркалы бензинін өндіру екі есе азайды», - деді С. Жұманғарин.

Сонымен қатар, ол Ресейде АИ-92 маркалы бензиннің құны Қазақстанға қарағанда қымбаттау екенін айта келе, сол себепті бензин бізден кетіп жатқанын айтты.

«Тыйым салынса да, бәрібір кетіп жатыр. Біз өз тарапымыздан әр өңір бойынша нарыққа зертеу жасадық. Осы орайда бағаның өзіндік құнына қатысты талдау жүргіздік, бизнеспен пікір алмастық. Өңірлер бойынша баға айырмашылығы байқалып отыр. Тасымалдаудағы жол шығыны төмендеу өңірлерде баға да арзандау. Біздің ойымызша, осы айда және мамыр айында бағаны 170 теңгеден асырғызбаймыз», - деді агенттік басшысы.

Оның айтуынша, кесте бойынша Шымкент мұнай өңдеу зауыты мамыр айында жөндеу жұмыстарына тұруы тиіс еді. Алайда бұл зауыт жөндеуге тұрып қалса, жағдай қиындауы ықтимал. Бұл өндіріс оңтүстік өңірдегі бағаға әсер етеді.

«Дегенмен бензин бағасы 200 теңге (АИ-92) болмайды. Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, хаттамаларды жанар-жағармай құю станцияларына тапсырдық. Оны орындамаса, онда тексеру амалдары басталады», - деді Серік Жұманғарин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 12 сәуірде Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Атырау мұнай өңдеу зауытын 24 сәуірде іске қосу жоспарланып отырғанын айтты.



Соңғы жаңалықтар