Серік Жұманғарин ЕАЭО аясында сауда ережелерін бұзғандар туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік бойынша Алқа мүшесі (министрі) Серік Жұманғарин ЕЭК аясында тексеріліп жатқан істер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде «қолайлы ереже» институты енгізілген. Бірінші кезекте нормаларды бұзған тарапқа кедергілерді жоюға мүмкіндік береміз. Егер де сол тарап біздің уәжбен келіссе, онда іс қозғалмайды. Ал егер қалыптасқан жағдайды дұрыстамаса, тексеру шаралары жүргізіледі», - деді С. Жұманғарин «Атамекен» ҰКП-да тілшілерге берген сұхбатында.

Осы орайда ол нақты мысалға тоқталды.

«Қазіргі кезде біз бір іс бойынша тексеруді аяқтауға жақындадық. Құлағы нашар еститін балаларға қажетті кохлеарлық аппараттарға қатысты болып отыр. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығына аппараттарды жеткізетін компания нарықты өзара бөліске түсірген. Яғни қазақстандықтың аппаратты Ресейде барып сатып алуға мүмкіндігі жоқ, оны қайтадан Қазақстанға кері қайтарады. Нәтижесінде, құрылғының баға айырмашылығы 2,5 есеге дейін жетеді. Елімізде осы кохлеарлық аппараттар үшін бюджет төлейді. Бүгінде тергеу шараларын аяқтап қалдық. Менің ойымша, аппарат бойынша шектеулерді жойып, бағаны теңестіреміз», - деді Серік Жұманғарин.

Оның атап өтуінше, ел тұрғындары үшін аталған құрылғыларға қолжетімдік арта түседі.

«Екіншіден, осы шаралардың арқасында бюджетке де тиімді болады. Осы тектес тергеу амалдары бізде жүріп жатыр», - деді Серік Жұманғарин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ЕЭК Алқа мүшесі кәсіпкерлер үшін біраз кедергілер бар екенін және олардың жартысы заңды болса, жартысы заңсыз екенін атап өтті.

«Заңсыз кедергілермен қалай күресуге болады? Бұл тұрғыда арыз жазу керек. Осы орайда бұл шағымдар қаралып, комиссияға шығарылады. Кедергі жасап отырған мемлекетке қатысты шешім қабылданады. Бұл шешімді олар үш айдың ішінде орындауы тиіс. Ал орындамаса, кеңестің қарауына ұсынамыз, мәселе жоғары деңгейде талқыланады», - деді С. Жұманғарин.


Соңғы жаңалықтар