Серік Жұманғарин Биржа комитеті не үшін құрылғанын түсіндірді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның алдына қойылған міндеттер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Серік Жұманғариннің айтуынша, бүгінде агенттіктің алдына монополияға қарсы реттеу жүргізіп, бәсекелестікті дамытып қана қоймай, кәсіпкерлер үшін мүмкіндіктер мен ынталандыру шараларының аясын кеңейту міндеті қойылып отыр. Әсіресе тауар нарығында баға белгілеу кезінде белең алатын бұрмалаушылықтарды жою, кәсіпкерлікке мемлекеттің килігуін төмендету, әкімшілік экономикалық кедергілерді жою агенттік өкілдерінің басты бағдары болмақ.

«Бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп дайындадық. Мемлекеттік жоспарлау ісінде көпшілік пен сарапшылардың талқылауына шығарылған жобалардың бірі болып отыр. Оның негізінде бәсекеге қабілетті саясатты енгізу жатыр», - деді Серік Жұманғарин ҚазАқпарат журналистерімен кездесуінде.

Ол сондай-ақ ұлттық жоба мемлекет қолға алған жүйелі реформаларды тежейтін үш түрлі реттеуші кедергіні шешуге бағытталғанын атап өтті. Агенттік төрағасының айтуынша, аталған үш кедергінің біріншісі - қажетті инфрақұрылым мен ресурстарға қолжетімділіктің әркелкі болуы.

«Ұлттық жоба аясында біз 3 базалық бағытты бөлдік. Көрсетілген бағыттар бойынша неғұрлым түйінді салалар мен жобалар айқындалған. Оларды тарқату шешуші қадам болады. Осылайша, ұлттық жобада негізгі тізбек қалыптастыратын ең маңызды жобалар шоғырланған және олардың негізгі міндеті - елдегі бәсекелестік саясатын дамытатын бағдар құру», - деп толықтырды агенттік басшысы.

Ол, сондай-ақ, журналистерге биржалық сауданың дамуы туралы да айтып берді.

2020 жылдың қазан айында Агенттіктің құрылды да, тауар биржаларының қызметіне мемлекеттік саясатты қалыптастыру өкілеті берілді. Өйткені биржалық сауда ішкі және сыртқы сауданың ажырамас бөлігі болып табылады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жанынан биржалық комитет құрылып, кеңес беруші ведомствоаралық органға айналған болатын. Сол биржа комитеті көмір, авиациялық отын, газ және мұнай өнімдерінің биржалық саудасын қыздырып жүрген сатушылары мен сатып алушылардың басын қосып, бірнеше рет отырыстар өткізген. Осы кездесулерден кейін биржадағы сауда-саттықтың жаңа тәсілдері пайдаланыла бастады.

«Әлі де көптеген мәселе бар. Жалпы бұл істе тәртіп орнату тұрғысынан ауқымды жұмыс жасалу керек. Біз елдегі биржалық қызметтің сапалы және перспективалы дамуы үшін жағдай жасауға ниеттіміз. Мемлекеттің қазіргі саясатында да осындай ұстаным басым сипатқа ие екенін білесіздер», - дейді Серік Жұманғарин.

Серік Жұманғарин журналистермен кездесуінде Air Astana компаниясына айыппұл қалай салынғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар