Серік Жұманғарин Ақмола облысының экспорттық әлеуетімен танысты

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, экспорттық әлеуетімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысының орынбасары Бұланды ауданындағы өсімдік майы өндірілетін «Бота-2015» май экстракция зауытының жұмысына назар аударды. Қуаты тәулігіне 600 тонна шикізатты құрайтын соя, күнбағыс, рапс өңдейтін ірі жоғары технологиялық зауыт 2022 жылы іске қосылды. Майларды алу процесі толығымен автоматтандырылған, оны 68 адам қамтамасыз етеді. Тазартылмаған май Қазақстанның ішкі нарығына және экспортқа (негізінен Қытайға) жіберіледі.

Серік Жұманғарин майды одан әрі өңдеу, тазарту өндірісін жолға қою, кейіннен өткізу нарықтарына шығуды қолдау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Kaz Beef Processing» ет комбинатында Kusto Agro бас директоры Азамат Орымбаев ет өнімдерін экспорттау мүмкіндігін ашу мәселесін көтерді. Компанияның ресейлік ірі дистрибьюторлармен келісімшарттары бар, кәсіпорын одан әрі дамуға дайын, бірақ экспорттық нарықтар қажет. Бүгінгі таңда ветеринарлық шектеулерге байланысты Ресей Федерациясына, Еуропаға, Қытайға ет сатуға мүмкіндік жоқ.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, аусылдан таза ел мәртебесін қалпына келтіру үшін Халықаралық эпизоотиялық бюроға (ХЭБ) құжаттама жолданды. Осы жылдың ақпан және наурыз айларында солтүстік-батыс және орталық облыстардың бюро талаптарына сәйкестігі тексерілмекші.

Сондай-ақ, Серік Жұманғарин Кедендік одақтағы бес ірі компанияның бірі саналатын полиэтилен және полипропилен қаптар өндіретін «Асыл-Арман» (Новопек) зауытында болды. Кәсіпорын 800 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тәулік бойы жұмыс істейтін өндіріс айына 10 млн қап және 250 мың биг-баг өндіруді қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге, Серік Жұманғарин «John Deere» ауыл шаруашылығы техникасын сату және қызмет көрсету жөніндегі сервистік орталықтың жұмысымен танысып, онда ұн өндірушілермен саланың өзекті мәселелерін талқылады.

Өңірдегі экологиялық таза және сапалы өнім шығару технологиясы мен дәстүрін сақтап қалған сүт өнімдерін шығаратын ең көне кәсіпорын – Көкшетау сүт зауыты жылына 11 тонна сүт, 511 тонна ашытылған сүт өнімдерін, 406 мың тонна сары май өндіреді.

Айта кетсек, кәсіпорын өнімдеріне елорда және республиканың басқа өңірлерінде сұраныс жоғары. Бұдан бөлек, зауыт өнімдерін Ресейдің шекаралас облыстырынан да сатып алады. Ақмола облысының агроөнеркәсіп кәсіпорындары дамып келеді, өңірде 12 кәсіпорын басшылығы сүт фермасын салу және кеңейту үшін жеңілдетілген несие алуға ниетті.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Ақмола облысында болған еді.

Соңғы жаңалықтар