Серік Жұманғарин: 51 бірыңғай оператордың 25-і мәртебесінен айырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бірыңғай операторлардың саны қалай қысқаратынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік сатып алу саласындағы тағы бір маңызды мәселе бар. Тек бір көзден сатып алуға жол беретін негіздемелерді ғана емес, осы қызметті пайдаланатын мекемелердің санын да қысқарту керек. Яғни, бір көзден сатып алуға құқылы мекемелердің санын азайту керек», - деді ол «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің алаңында өткен Ореп Space кездесуде.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда мемлекеттік монополияның 18 түрі ғана бар. Оның бәрі қатаң реттелген. Алайда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жұмыс істейтін бірыңғай операторлардың жұмысын реттеу қажеттігі туындап отырған көрінеді.

«Заң бойынша олар да конкурссыз сатып алуға құқылы. Яғни, бұл тетік Мемлекеттік сатып алу туралы заңның нормаларын, Кәсіпкерлік кодексінің мемлекеттік монополиямен байланысты нормаларын айналып өту үшін енгізілген. Мемлекет басшысы бізге осы бірыңғай операторлардың жұмысын реттеуді тапсырған болатын. Біз халықаралық тәжірибені зерделедік. Онда «жалпыэкономикалық маңызға ие тауар» деген түсінік бар. Яғни ақылы қызметтер мен тауарлардың, атқарылатын жұмыстардың бәрі осы ұғымға кіреді. Аталған ұғымға қатысы бар операторлардың қызметін бақылаған болатынбыз. Не көрдік дейсіз ғой? 51 оператордың ішінде «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы, Kazakh Tourism, Kazakh Invest сияқты 18 кәсіпорынның қызметін реттеу қажет емес болып шықты. Ал 24 оператордың жұмысы мемлекеттік реттеуді қажет етеді. Оның 16-сы – таза мемлекеттік кәсіпорын. 4 кәсіпорын жеке меншік болып саналады. Бұлардан бөлек арнайы құқығы бар 4 квазимемлекеттік кәсіпорынның жұмысын реттеу керек», - деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ, ол 2025 жылға дейін аталған 51 бірыңғай оператордың 25-і қысқартылатынын еске салды.

«Оның ішінде 11 кәсіпорын бойынша түбегейлі шара қабылдадық. Екеуінің жұмысын оңтайландырамыз да, 9-ын «оператор» мәртебесінен айырамыз. Бұл 9-дың бесеуі жеке меншікке берілсе, қалған төртеуі «оператор» мәртебесінсіз мемлекеттік органға бағынышыты кәсіпорын болып қалады. Олардың да сатып алулар кезінде ешқандай басымдықтары болмайды. Бұл ұсыныстарды әзірге Президент әкімшілігі қолдап отыр. Жалпы 2025 жылдың аяғына дейін 20-25 операторды мәртебесінен айыру жоспарланып отыр. Бұл алаңды тазартсақ, шағын және орта бизнес өкілдері үшін 47 млрд теңгенің қызмет көрсету және тауар нарығына жол ашылады», - деді агенттік төрағасы.


Соңғы жаңалықтар