Серік Жарасбаев «Алматы» олимпиадаға дайындық орталығы директоры қызметіне тағайындалды

None
Фото: t.me/Madeniet_zhane_sport_ministrligi
АСТАНА. ҚазАқпарат – Серік Жарасбаев «Алматы» олимпиадаға дайындық орталығы директоры қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Серік Жарасбаевқа Ханчжоудағы Жазғы Азиада мен Париждегі Олимпиада қарсаңында спортшылардың дайындығын күшейту міндетін қойды.

Министр Серік Жарасбаевтың спорт саласының түрлі салаларындағы: жас спортшыларды жаттықтырудан бастап министрліктің қолдауымен ауқымды жобаларды іске асыруға дейінгі бай тәжірибесін ерекше атап өтті.

Серік Жарасбаев 1984 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Ресей халықаралық олимпиада университетін тәмамдаған.

Мамандығы — Дене шынықтыру және спорт, мемлекеттік және жергілікті басқару, спорттық әкімшілендіру.

2006-2007 жылдары Петропавлдағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бокстан жаттықтырушы-оқытушы, нұсқаушы-спортшы болып жұмыс істеді.

2007-2010 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы, оқу-спорт бөлімінің басшысы.

2011-2012 жылдары ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитетінің Ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету, инновациялық технологиялар және білім басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы; СҚО Туризм, дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

2012-2014 жылдары ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің Жоғары жетістіктер спорты және спорт резерві департаментінің Жазғы спорт түрлері басқармасының басшысы, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің Жоғары жетістіктер спорты және спорт резерві департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

2014-2018 жылдары ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары болды. 2018-2019 жылдары ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

2019-2021 жылдары — ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары.

2021 жылы — «Қазақстан керлинг, едендегі керлинг және петанг федерациясы» РҚБ бірінші вице-президенті.

2021-2023 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары қызметін атқарған.


Соңғы жаңалықтар