Серік Шайдаров баспана құрылысын тежейтін жүйелі проблемаларды атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Шайдаров тұрғын үй құрылысы саласының дамуын тежейтін жүйелі проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрылыс нысандары сапасының төмендігі проблемасы бар. Бұл мәселені уәкілетті орган цифрландыру арқылы шешуге тырысуда. Біздің ойымызша, «Е-Құрылыс» сияқты Ақпараттық жүйелер тек заң бұзу деректерін тіркейді, кемшіліктерді азайтуға және оларды жоюға, сондай-ақ салынған нысандардың сапасын жақсартуға ықпал етпейді. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпарат бойынша мысал келтіруге болады. Алматы қаласының Зерделі шағын ауданында сапасыз құрылысқа байланысты қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен 108 адамға арналған екі апатты үй бұзылып жатыр. Бұл ретте, апатты нысанды бұзу үшін құрылысқа жұмсалғаннан екі еседен астам қаражат қажет. Егер бұл үйлерде адамдар тұрып, апат болса, қандай қасірет болатынын ойлаудың өзі қиын», - деді С. Шайдаров Сенаттағы Үкімет сағатында.

Осы орайда депутат Үкімет инженерлік персоналды сертификаттау және жобалау кезеңінен бастап, құрылыс аяқталғанға дейін құрылыс компанияларын аккредиттеу арқылы құрылысты бақылау жүйесін жетілдіруі керек екенін айтты.

«Екіншіден, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алу тетігі жетілдірілмеген. Бүгінгі таңда, бір компания елдің әртүрлі аймақтарындағы бірнеше конкурстардың жеңімпазы ретінде анықталуы мүмкін. Бұл жағдайда жұмыстың көп бөлігі кейіннен қосалқы мердігерлікке, кейде көп сатылы қосалқы мердігерлікке беріледі. Осындай тәжірибе мердігерлердің келісімшарт міндеттемелерін орындамауына, құрылыс сапасының төмендеуіне, сондай-ақ бір қосалқы мердігерден екіншісіне бағаның өсуіне әкеледі. Осының салдарынан нысандар консервацияланады, ішінара бұзылады. Бұл өз кезегінде осы нысандарды аяқтауға немесе қалпына келтіруге қосымша қаражат іздеуге мәжбүр етеді», - деді сенатор.

Оның пайымынша, бұл мәселені шешуде жаңа тәсілдер қажет.

«Сондықтан Үкімет адами факторды барынша жойып, Мемлекеттік сатып алу порталында материалдық-техникалық әрі еңбек ресурстарын ескере отырып, бір компанияның конкурстарына қатысуға және жеңуге автоматтандырылған лимиттерді белгілеу арқылы цифрландыруды тереңдетуі қажет деп есептейміз», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар