Серік Сәпиев: Полтораниннің түсініктеме беруін әлі күтіп отырмыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев қазақстандық шаңғышы Алексей Полтораниннің басындағы дауға қатысты жағдайдың қандай болып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Одан аустриялық полиция жауап алды. Бәлкім, ол материалдарды WADA-ға жөнелтілген де шығар. WADA әлі де тергеу жүргізіп жатыр. Тергеудің қашанға дейін жалғасатынын білмейміз. Оны сайыстарға спортшы ретінде қатысу мүмкіндігі тоқтатылып отыр. Біз әлі де күтіп отырмыз», - деді Серік Сәпиев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен баспасөз мәслихатынан кейін тілшілерге сұрақтарына берген жауабында.

Оның айтуынша, тергеу амалдары ұзаққа созылып кететін болса, министрлік нақты шешімнің қашан жарияланатыны жайлы сұрақпен WADA-ға шығатын болады.

- Полторанин мен бапкеріне елге келіп, жағдайды түсіндіруді талап еттіңіздер ме?

- Менің ойымша, ол жақында келіп, бәлкім кең-молынан сұхбат береді. Әзірге ол демалып жатыр. Менің топшылауымша, ол ешкіммен кездескісі келмейтін секілді.

- Сіз ол жағдайдан бері Алексеймен сөйлестіңіз бе?

- Біз онымен бірнеше рет сөйлестік. Моральдық тұрғыдан қолдау білдірдім. Қашан ұшып келетінін сұрамадым.

- Оның Мәскеуде туыстары бар ма?

- Иә.

- Мәдениет және спорт министрлігі айыппұл санкцияларын енгізуді ойластырып жатқан жоқ па?

- Жоқ, әлбетте. Әзірге қарастырып жатқан жоқпыз.

- Экипировканы қайтару секілді регламенттер орындала ма?

- Қазіргі уақытта қандай да бір айыппұл немесе қайтарым, әкімшілік тәркілеу қарастырылмаған. Жуырда антидопингтік ереже бойынша заң күшіне енеді...

- Демек, ол Мәскеуде жатып алып ешкіммен байланысқа шықпау құқығына ие ме?

- Жоқ ондай құқығы жоқ.

- Министр (Арыстанбек Мұхамедиұлы - авт.) Полтораниннің ресми мәлімдеме жасайтынын айтқан еді. Десе де, әлі спортшы үнсіз...

- Біз адамды мәжбүрлей алмаймыз. Келіп, баспасөз мәслихатында жағдайды түсіндірер деп ойладық. Әзірге күтіп отырмыз. Менің ойымша, ол бәрібір келіп, жағдайды түсіндіреді.

Еске сала кетсек, 27 ақпанда неміс журналисі Хайо Зеппельт Туиттерде Аустрияның Зеефельде қаласында шаңғы жарысынан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан, Аустрия мен Эстония спортшылары антидопингтік ережелерді бұзды деген күдікке ілінгенін жазды. Олардың қатарында Алексей Полторанин да бар. Спортшының бапкері аталмыш оқиғаға байланысты мәлімдеме жасаған еді.

Ал ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы Полторанинмен байланыста екендігін хабарлады.

Соңғы жаңалықтар