Серік Сәпиев Мәжіліс депутаты болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Парламент Мәжілісінің депутаты болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, ОСК бүгін «Нұр Отан» партиясының мүшесі Серік Сәпиевті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты етіп тіркеді. 

«Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 46-, 97-1 және 98-баптарына сәйкес «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесі бюросының қаулысы негізінде Серік Жұманғалиұлы Сәпиевті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты етіп тіркеу туралы шешім қабылданды»,-деп хабарланған сайлау комиссия таратқан ақпаратта.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Серік Сәпиевке ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының куәлігі мен омырауға тағатын белгісін тапсырғаны да хабарланып отыр.

Серік Жұманғалиұлы Сәпиев 1983 жылы Қарағанды облысы Абай қаласында туған. 11 жасынан бастап бокспен шұғылдана бастаған Олимпиада чемпионының қазір халықаралық спорт шебері, Қазақстанның бокс бойынша еңбек сіңірген спорт шебері деген атақтары бар.

Серік Сәпиев сондай-ақ «Парасат» орденінің иегері (2008 жыл), «Отан» орденінің иегері (2012), спорт бойынша ЮНЕСКО чемпионы атанған әлемдегі 13-ші спортшы, қазақстандық ең танымал боксшылардың бірі, 2014 жылдың қарашасынан бастап «Astana Arlans» командасының бас директоры.

Серік Сәпиев Қазақстанға 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында алтын жүлде алып берген спортшылардың бірі. Ол Бейжің және Лондон Олимпиадасында бокстан құрама команданың капитаны болған.

Соңғы жаңалықтар