Серік Сәпиев «GGG-Роллс» андеркартында Елеусіновтің шықпауына қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев «GGG-Роллс» андеркартында Данияр Елеусіновтің шаршы алаңға шықпауына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл туралы не айтуға болады? Мен кәсіпқой бокстың қыр-сырын толық білмеймін. Ірі айқастардың андеркартына спортшыларды қалай қосатынынан аздап хабарым бар. Бұл - олардың қарым-қатынастары. Өздері шешіп алар. Екеуі де отандасымыз. Даниярды аталмыш тізімге неліктен қоспағанын білмеймін. Бәлкім, белгілі бір ньюанстар бар шығар. Оның бәрін ақырына дейін білмейміз», - деді Серік Сәпиев бодибилдингтен елордада өтетін Орта Азия чемпионатына арналған баспасөз мәслихатынан кейін ҚазАқпарат тілшісіне.

Серік Сәпиев өз сөзінде кәсіпқой бокста әртүрлі жағдайлар болып жататынын тілге тиек етті.

«Себебі, кәсіпқой бокста әрбір боксшы белгілі бір қарсыласты шақырады делік. Ал шынтуайтында ол осы шақыруымен үлкен гонорар сұрап тұрған болар. Мәселен, ағылшын боксшысы Джо Сондерс кеудесін тоқпақтап, Головкинді жекпе-жекке шақырды. Гена әлбетте, онымен қуана-қуана шығар еді. Бірақ, Сондерстің промоутерлері Головкиннің көңілінен шықпайтын шарттарды атады. Ал шынтуайтында басымдық Головкинде еді. Ол - «А» санатындағы боксшы. Олар болса, менің ойымша, әділетсіз шарттарды ұсынған болуы керек. Бұл ретте Головкин негізгі шартты атайтын боксшы еді. Олар болса, ешбір боксшы келіспейтіндей шартты ұсынды. Сондықтан, айқас та ұйымдастырылмады. Осындай ньюанс бар. Сол секілді, Головкин мен Елеусіновте де... Білмеймін, бәлкім, ол жерде де қандай да бір ішкі ньюанстар бар шығар. Көпшілікке ақпарат таратылып кетеді. Ал бұл жерде екеуі де айтқысы келмейтін белгілі бір жай болуы мүмкін. Біз білмейміз», - деді Серік Сәпиев.

Еске сала кетсек, таяуда Данияр Елеусіновтің Головкиннің жекпе-жегінде өнер көрсетпейтіні белгілі болған еді. Боксшының менеджері Зия Алиев Sports.kz-ке берген сұхбатында Елеусіновтің 8 маусымдағы Головкин-Роллс андеркартындағы жекпе-жегі белгісіз себептерге байланысты болмайтынын жеткізген.

Кейін бұл мәселеге қатысты ҚР Кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко пікір білдіріп, Головкин мен Елеусінов арасында қандай да бір түсінбеушілік бар дегенге сенбейтінін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар