Серік Сәпиев чемпион атанудың құпиясын ашты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұлттық Олимпиада комитетінің 25 жылдығына орай өткен салтанатты кеште Серік Сәпиев чемпион атанудың сырын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оның құпиясы өте оңай, ең бастысы - мақсатыңа жан-тәніңмен берілу, ыждаһаттылық, тәртіп, өз күшіңе сену, спорт тек шыдамды адамдарды ғана жақсы көреді. Егер жекпе-жекке барынша дайындалып, ұтылып қалатын болсаң, шынымен де жүректе өкініш пайда болады. Бірақ жігіт кез келген соққыға төтеп беруі керек», - деді спортшы.

Жүргізушілер спортта есте қалған ең жарқын сәттер туралы сұрағанда, «ең жарқын естелік  Қазақстан Әнұраны ойнап, Көк Туымыздың желбіреген кезі» екендігін айтты.

«Сол кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алу қиын. Үлкен, Ұлы мемлекеттің бір бөлшегі ретінде сезінесің, бұл жеңіс барша Қазақстанның жеңісі екенін түсінесің. Осы орайды пайдаланып, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстанның барша спортшылары атынан қолдауыңыз үшін, еліміздегі Олимпиада қозғалысына, жалпы спортқа қосып келе жатқан зор үлесіңіз үшін алғыс айтқым келеді. Рахмет Сізге!» - деп түйді сөзін С. Сәпиев. 

Еске салсақ, бүгін, 17 наурызда Ұлттық Олимпиада комитетінің 25 жылдығына арналған салтанатты кешке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Астана әкімі Әсет Исекешев, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, депутаттар, шетелдік дипломаттар, сонымен қатар Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері - Серік Сәпиев, Ольга Рыпакова, Александр Винокуров, Юрий Мельниченко, Ольга Шишигина, Бақтияр Артаев, Елдос Сметов, Жазира Жаппарқұл, Гүзел Манюрова, Әділбек Ниязымбетов, Дариға Шәкімова, Жансел Дениз қатысты.   

Кеш барысында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, боксшы Дариға Шәкімова мен таэквандошы Жансел Дениз қазақтың «Дедімай-ау» әнін орындады. Сонымен қатар, мерейтойлық шара барысында Олимпиада чемпионы Александр Винокуров «А-Студио» тобымен бірге ән салды.     
Айта кетейік, Қазақстан Олимпизм қозғалысына ресми түрде енгелі бері еліміздің спортшылары 13 Олимпиадаға қатысып, жалпы саны 67 медаль жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар