Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Прокуратура Қырғыз Республикасының шекара қызметінен алған ақпаратқа сәйкес, Күдебаев 23 наурыз күні Бішкек қаласындағы Манас халықаралық әуежайынан Түркияның Ыстамбұл қаласына ұшып кеткен. Бұл шекара қызметінің деректер базасымен дәлелденген. Сотталушының мұнан ары өзге елдерге жүріп-тұруының алдын алу және тұрғылықты жерін анықтау үшін шұғыл түрде Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялап, оған бұлтартпау шарасын тұтқынға алуға өзгерту қажет», - деді әлеуметтік желіде тараған видеода судья.

Талдықорған қалалық сотының Facebook парақшасында жарияланған ақпаратқа қарағанда, С.Күдебаев ауырып қалуына байланысты бірнеше рет сот отырысына келмеген.

Оның ауруханаға түскенін дәледейтін анықтаманы адвокаты сотқа ұсынған. Осыған байланысты сот отырысы кейінгі шегеріліп келді.

2023 жылдың 30 тамызында сот Қылмыстық-процестік кодекстің 157 және 355-баптарына сәйкес, С.Күдебаевты 3 сәуір күні сағат 10:00-де сотқа әкелу туралы қаулы шығарды.

Прокурор күдіктіні алып келу туралы қаулыны орындау барысында С.Күдебаевтың елден кетіп қалғаны туралы мәлімет ұсынды.

«Бүгінгі таңда Қылмыстық-процестік кодекстің 324-бабына сәйкес, іс іздеу жариялануына байланысты тоқтатылды. Іс іздеуді қадағалау үшін Жетісу облыстық прокуратурасына жіберілді», - делінген сот хабарламасында.

Еске салсақ, Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған еді.

Сот талқылауы барысында прокурор судьядан Серік Күдебаевқа 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын.


Соңғы жаңалықтар