Серік Күдебаев ресми пунктер арқылы Қазақстан шекарасынан өткен жоқ – ҰҚК

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Серік Күдебаев Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан ресми жұмыс істеп тұрған бекеттер арқылы өткен жоқ. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі азамат Серік Мырзақұлұлы Күдебаевтің (01.01.1965ж.т.) ресми жұмыс істеп тұрған өткізу пунктері арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өтпегенін хабарлайды.

Бүгінгі күні шектес мемлекеттердің шекара өкілдері аппаратымен бірлесе отырып, тексеру тағайындалды.

Тексеру нәтижесі қосымша хабарланатын болады», - делінген хабарламада.

Еске салайық, Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы басшысы С.Күдебаев 3 сәуір күні сағат 10:00-де сотқа жеткізілуі тиіс еді. Алайда, прокурор күдіктіні алып келу туралы қаулыны орындау барысында С.Күдебаевтің елден кетіп қалғаны туралы мәлімет ұсынған.

«Бүгінгі таңда Қылмыстық-процестік кодекстің 324-бабына сәйкес, іс іздеу жариялануына байланысты тоқтатылды. Іс іздеуді қадағалау үшін Жетісу облыстық прокуратурасына жіберілді», - делінген Талдықорған қалалық сотының хабарламасында.

Мәлім болғандай, Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды.

«Прокуратура Қырғыз Республикасының шекара қызметінен алған ақпаратқа сәйкес, Күдебаев 23 наурыз күні Бішкек қаласындағы Манас халықаралық әуежайынан Түркияның Ыстамбұл қаласына ұшып кеткен. Бұл шекара қызметінің деректер базасымен дәлелденген. Сотталушының мұнан ары өзге елдерге жүріп-тұруының алдын алу және тұрғылықты жерін анықтау үшін шұғыл түрде Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялап, оған бұлтартпау шарасын тұтқынға алуға өзгерту қажет», - деді әлеуметтік желіде тараған видеода судья.

Талдықорған қалалық сотының Facebook парақшасында жарияланған ақпаратқа қарағанда, С.Күдебаев ауырып қалуына байланысты бірнеше рет сот отырысына келмеген.

Оның ауруханаға түскенін дәлелдейтін анықтаманы адвокаты сотқа ұсынған. Осыған байланысты сот отырысы кейінге шегеріліп келді.

Айта кетейік, Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған еді.

Ол 2020 жылдан бастап 2022 жылдың қаңтарына дейін Алматы облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған.

2022 жылдың 18 ақпанында ол ішкі істер органдарынан өз еркімен босатылды.


Соңғы жаңалықтар