Серік Қожаниязов: Биыл Сырдарияның суы Көксарайға жетпейтін түрі бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вцие-министрі Серік Қожаниязов Сырдарияның бойындағы елді мекендер үшін биылғы жаз да ауыр болуы мүмкін екенін ескертті, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сырдария өзенінің суы мол жылдарда Тоқтағұл су қоймасы толып кететін. Бұл – өзеннің ең жоғарғы бөлігінде орналасқан су қоймасы. Оның сыйымдылығы – 19,5 млрд текше метр. Жазда экологиялық жағдай қалыпты болуы үшін сәуір айына қарай осы қоймаға 15 млрд текше метр су жиналуы керек. Өкінішке қарай, кейінгі 4 жыл ішінде Тоқтағұл қоймасына мұнша су жиналмай жатыр. Әзірге көңіл көншитіндей жағдай жоқ. Ақпан айында қардың қалай болатынын білмейміз», - деген министрлік өкілі Өзекбстан, Қырғызстан және Қазақстан арасында кеңес заманындағы келісім қайта күшіне еніп, жағдайды реттеуге мүмкіндік туғанын еске салды. Бірақ аймақтағы құрғақ цикл ол келісімнің де мүмкіндігін шектеп отыр.

«Былтыр Тоқтағұлдың суын өзара тиімді пайдалану үшін Қазақстан мен Өзбекстан алдағы үш жылдың қысында қырғыз тарапына электр қуатын беріп тұруға келіскен. Ақысына олар жазда бізге қажетті су беруі керек. Осындай айырбас кестесі бойынша жұмыс істегенбіз», - деді министрдің орынбасары.

Серік Қожаниязовтың айтуынша, Қазақстан тарапы биыл да сол келісімнің мүлтіксіз орындалуына күш салып отыр.

«Біз қырғыз тарапымен келістік. Жыл соңына дейін жеткізіп үлгермеген электр қуатын, биыл бірінші тоқсанның соңына дейін жеткізбекпіз. Сол бойынша жұмыс жүріп жатыр. Сырдарияның сулы болуы Тоқтағұл қоймасына байланысты. Өкінішке қарай, етектегі, Арал маңындағы жағдай айтарлықтай жақсара қойған жоқ. Тіпті Көксарай қарымта реттегішіне қажетті суды да жинай алмаймыз ба деген қорқыныш бар. Шардарада ғана су болатын шығар. Биыл да жағдай қиын болады. Өйткені жазғы вегетация кезеңін Көксарайсыз өткеретін сияқтымыз», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар