Серік Қонақбаев АІВА президенті болуы мүмкін
Бұрын Қонақбаев ұлттық федерациялардың жеткілікті мөлшердегі қолдау хатын жинай алмағандықтан, АІВА басшысы лауазымына үміткер ретінде тіркелмеген болатын. Ал сайлау жарысында жалғыз кандидат - ұйымның президенті міндетін атқарушы өзбекстандық Ғафур Рахимов қалған.
«Тыңдалым сайлау күніне тым жақын болғандықтан, маған сайлау науқанын жүргізуіме рұқсат етілді», - дейді Қонақбаев.
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) ақпаннан бері АІВА-ға қатысты тексеріс жүргізіп жатыр. ХОК АІВА-ның басқару, қаржы және допингке қарсы күрес жөніндегі баяндамаларына қанағаттанбаған болатын. Содан кейін АІВА-ның бұрынғы басшысы Чинг-Куо Ву отставкаға кетіп, ұйымның басшысы міндетін Ғафур Рахимов атқарып келген.
АІВА президенті сайлауы ұйымның 2-3 қараша күндері Мәскеуде болатын конгресі аясында өтеді.