Серік Қонақбаев AIBA сайлауында өзіне қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) президенттігіне Қазақстан атынан сайлауға түскен Серік Қонақбаев өзіне қолдау білдірген барлық азаматтарға алғыс айтты. Дауыс беру Мәскеуде 3 қараша күні AIBA конгресінде өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» қазақстандық бокс федерациясына сілтеме жасап.

«Дауыс беру нәтижесі мені таңқалдырды. Десе де мен спортты қолдаушылардың бірі болып қаламын және бүкіл әлем бойынша боксшылардың олимпиадалық армандары орындалуы үшін, жалпы олимпиадалық бокстың болашағы үшін күресімді жалғастыра беремін»,-деді Серік Қонақбаев дауыс беру нәтижелері жария етілген соң.

«Менің науқан барысында айтқанымдай, бұл боксты құтқаруға бағытталған реформалардың соңы емес, керісінше басы. Біз күресті тоқтатпаймыз. Бірінші раунд аяқталды, екінді екіншісі басталады. Маған қолдау бірдіргендер азаматтардың барлығына алғыс айтамын, әсіресе қазақстандықтарға! Біз барлығымыз бірге боксты әлі ұлы спорт түріне айналдырамыз!»-деді ол.

Айта кетейік, Серік Қонақбаев сайлауда 48 дауыс жинады. Оның қарсыласы өзбекстандық Гафур Рахимов 134 дауыстың 86-сын жинады. Осылайша, ол 2022 жылға дейін AIBA ұйымын басқару құқығына ие болды. Гафур Рахимов ұйымды осы уақытқа дейін басқарып, сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне және қаржылық заңбұзушылықтарға байланысты қызметінен шеттетілген Тайбэй өкілі Чинг-Куо Ву-дың орнын басты.

Осыған дейін Серік Қонақбаевтың AIBA президенттігіне үміткерлердің тізіміне енгізілгендігі хабарланған болатын.

Енді әлем боксшылары аталмыш спорт түрінің болашағы қандай болатынын және өздері екі жылдан соң Токиода өтетін Олимпиадада өнер көрсете алады ма деген сауалға жауапты асыға күтетін болады.

Соңғы жаңалықтар