Серік Дүйсебаев: Президент маңызды бағыттарға жастарды тартқысы келетінін аңғартты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның алдағы мақсат-міндеттері қандай? Келешекте қандай басым бағыттарға маңыз беріледі? Біз Мемлекет басшысы қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде осындай маңызды сауалдарға жауап алдық», - деді Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсебаев ҚазАқпарат тілшісіне аталмыш шарадан алған әсерімен бөлісіп.

«Мемлекет басшысы ел алдында Қазақстанның болашақ бағдарындағы міндеттерін белгіледі. Олардың қай бағытта жүзеге асырылатынын айқындап берді. Алғашқы бағыт ретінде халықтың табысын арттыруға назар аударылатынын жеткізді. Қай кезде де халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту мәселесі күн тәртібінен түспейтіні белгілі. Ол азаматтардың өз елінде алаңсыз қызмет жасауына жол ашады. Сондықтан экономикалық өсім мәселесіне жол ашу - негізгі міндеттің бірі. Осындай толайым табыстарға жол ашу үшін бізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуіміз тиіс. Мемлекет басшысы өз сөзінде сол мақсаттарға жан-жақты тоқталып өтті», - деді С.Дүйсебаев.

Серік Дүйсебаев еліміздің басты бағдары ретінде белгіленген он бағыттың келешекте өз жемісін беретініне зор сенім артып отырғанын тілге тиек етті. Солардың бірі ретінде жастарға үлкен үміт артылып отырғанын айтты.

«Әрбір мемлекеттің болашағы - жастарға байланысты екені белгілі. Олар тәуелсіз Қазақстанның дамуына алдағы уақытта үлкен үлес қосатын болады. Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бағытында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы қолға алынатын болды. Сондай-ақ, олардың мемлекеттік қызметте үлесін арттыру мақсатында «Президенттік кадрлық резерв» жасалмақ. Қазіргі буын өкілдері әлемде орын алып жатқан бүгінгі заман талабы бойынша іс-жоспарларды лайықты деңгейде жүзеге асыруға өз үлестерін қосуға мүмкіндік алады. Қай кезде де жастар қоғамның қозғаушы күші саналады», - деді С. Дүйсебаев.

Соңғы жаңалықтар