Серік Бердімұратұлы самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Серік Бердімұратұлы самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды - kaznews.mn

Самбодан Оңтүстік Кореяның Чонжу қаласында өткен әлем чемпионатында Серік Бердімұратұлы қола жүлдегер атанды, деп жазады Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, 100 келі салмақта күрескен Серік Бердімұратұлы алғашқы кездесуінде Түрікменстандық Руслан Есгеровты ұтқан. Екінші кездесуінде Украйндық спортшы Алексей Мойсиевті жеңіп, жартылай финалға жолдама алған. Бірақ, жартылай финалда Ресейлік Руслан Киселевтен ұтылып, қола жүлдені қанағат тұтқан.

Естеріңізге сала кетейік, Серік Бердімұратұлы Баян-Өлгей аймағында Цэнгэл ауылында дүниеге келген. Ол спортпен он жасынан бері шұғылданады. Сумо, самбо, моңғол күресі және дзюдомен айналысады. Көптеген жарыстардың жеңімпазы.

Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген «Композитор» фильмі АҚШ- та 4 номинация бойынша марапатталды - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген «Композитор» фильмі Лос-Анжелес қаласында өткен 4-ші кезекті «Golden screen awards» кинофестивальнде 4 номинация бойынша марапатталды, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, АҚШ-та өткен кинофестивальнде «Композитор» фильмі жылдың «Ең үздік киносы», «Ең үздік музыка», «Ең үздік ер адам рөлі» және «Ең үздік әйел рөлі» сынды 4 номинация бойынша марапатталған. Аталған фильмде Бақытжан Байқадамовтың қарындасы Данашты сомдаған Қазақстандық актриса Аружан Жазылбекова «Ең үздік әйел рөлі» сыйлығын жеңіп алды. Марапаттау шарасына Голливудтың танымал режиссерлері мен белгілі өнер қайраткерлері қатысқан. Бұл «Golden screen awards» кинофестивальн China Film Co Production корпорациясы, Hollywood Reporter және Америка кино қауымдастығының қолдауымен 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Шараның басты мақсаты - қытайлық және шетелдік кино студияның бірігіп түсірген үздік киноларын марапаттау.

Еске салайық, Аталған фильм әлемдік өнерге елеулі үлес қосқан Қытайдың танымал композиторы Си Синхайдың өмірі мен өнер жолына арналған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында (1941-1943 жылдар аралығында) композитор Қазақстанда тұрып, қазақтың талантты композиторы Бақытжан Байқадамовпен дос болған. Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және қытайлық «Shineworks Pictures», «China film coproduction corporation» компаниялары бірге түсірген.

Қазақстанның Еуразия университеті Зарифке «Құрметті профессор» атағын берді - «Фарс» ақпарат агенттігі

Қазақстанның Еуразия ұлттық университеті Иран Сыртқы істер министріне «Құрметті профессор» атағын берді, деп хабарлайды Рarstoday ақпарат агенттігі.

«Қазақстанға сапармен барған Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтандағы Еуразия ұлттық университетінің мұражайын аралап, естелік дәптеріне пікір қалдырды. Зариф бұл жоғары оқу орнының ұстаздары мен студенттерінің ортасында «Қазіргі әлемдегі жаңа парадигмалар мен дискурстар» тақырыбына сөз сөйлеп, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, Еуразия ұлттық университеті Иран Сыртқы істер министріне «Құрметті профессор» атағын табыстады. Иран Сыртқы істер министрі «Астана клубының» бесінші отырысына қатысу үшін Қазақстанға барған болатын», - деп жазады parstoday.

Көктоғайда «Алтай атбегі кубогы» аламан бәйгесі өтті - «Алтай ақпарат» сайты

«Алтай атбегі кубогы» аламан ат бәйгесі Қытайдың Алтай аймағының Көктоғай ауданында өтті, деп хабарлайды altxw.com сайты.

««Алтай әтбегі кубогы» аламан ат бәйгесі Алтай аймақтық ауыл шаруашылғы басқармасы мен спорт және мәдениет басқармасының және Көктоғай ауданы әкімдігінің қолдауымен өтті. Аталған жарыста 3 шақырымдық құнан бәйге, 25 шақырымдық аламан бәйге, 5 шақырымдық жорға жарысы оздырылды. Сондай-ақ, теңге ілу, көкпар тарту секілді қазақтың дәстүрлі ат спорты ойындары да ұйымдастырылды. Жергілікті орын осындай ат спорты шараларын жиі өткізу арқылы жергілікті «Алтай жылқысының» қасиетін жұртқа насихаттап, жылқы шаруашылығын дамытуды жолға қоймақ. Сонымен бірге, ұлттық мәдениетті дәріптей отырып Алтай жеріне келетін туристердің қызғушылығын арттыруды көздеп отыр»,- деп жазады «Алтай ақпарат» сайты.

Түрік Кеңесінің Бас хатшысы Ататүрікті еске алды - TRT

Түрік Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев Мұстафа Кемал Ататүріктің өмірге көз жұмғандығының 81 жылдығына орай еске алу үндеуін жариялады, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Түрік Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев Түркия Республикасының құрушысы Гази Мұстафа Кемал Ататүріктің өмірге көз жұмғандығының 81 жылдығына орай еске алу үндеуін жариялады.

«Түркия Республикасының құрушысы және тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік құрған Түркия Республикасы әлем бейбітшілігіне және саяси тәртіпке қосқан идеологиялық үлестері, төңкерісшіл ой-пікірлері және өскелең лидерлік ерекшеліктерімен 20-шы ғасырға таңба басты, күллі әлем елдері үшін терең шабыт қайнары болды және мұны жалғастырып келеді. Ататүріктің реформашыл ой-пікірлері назарға алынып, еске түсіруге орай бүгін Түрік Кеңесіндегі барлық жолдастармен бірге түрік ұлтының Атасын құрмет көрсетіп және борыштылықпен еске аламын», - дейді өз үндеуінде Бағдат Әміреев.

Баян-Өлгей аймағының халық саны 2045 жылы 162 мыңға жетеді

Соңғы статистикалық мәлімет бойынша Баян-Өлгей аймағының жергілікті халқының саны 105590 адамға жеткен, деп жазады Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Моңғолия еліндегі қандастарымыз шоғырлы қоныстанған Баян-Өлгей аймағының жергілікті халқының саны болжам бойынша 2025 жылы 105753, 2030 жылы 122200, 2035 жылы 133361, 2040 жылы 145126, 2045 жылы 162421 ге жетіп, халық саны бойынша Ұланбатыр қаласы мен Хөвсгөл аймағынан кейін үшінші орыннан көрінген.

«Ұлттық статистика комитетінің мәліметтеріне сүйене отырып зерттеп көрсек, 1991 жылы халық саны 99063 адамға жетсе, 1994 жылы 76163 адам болған. Бұл жылдары халық саны 22 мың 900 адамға азайған. 2001-2016 жылдары Баян-Өлгей аймағының халық саны 828 адамға ғана өзгереді. Ал, бұл жылдары 20 мыңға жуық адам өзге өлкелерге қоныс аударған. 2001 жылы халық саны 3,1 пайызға өсіп 96 мың 988 адамға жетсе, 2004 жылы 99 мың 111 ге жеткен. 2005 жылы Баян-Өлгейден қоныс аударған адам саны 3068 бола тұра, көшіп келген адам саны 5 ғана. Бұл 99,1 мың адамнан 95,8 мыңға кемуіне тікелей әсер еткен. 2013 жылдан бастап халық өсімінің оң қарқыны сақталып келеді. Соңғы жылдары өсім қарқыны 2,5 пайызды құрады», - деп жазады KAZNEWS.

Қазақстан және Өзбекстан Ұлттық гвардия қолбасшылары кездесті - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардия Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов бастаған делегация мүшелері Өзбекстанға сапармен келді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Сапар аясында Өзбекстан Республикасы Ұлттық гвардия қолбасшысы Баходир Ташматов Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардия Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықовпен екі жақтық кездесу өткізді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, өзара тәжірибе алмасу аясында бірлескен оқу-тәжірибелік сабақтар өткізу мәселелері талқыланды», - деп хабарлайды «ӨзА».

Соңғы жаңалықтар