Серік Ақшолақов: Болашақтың медицинасы пациентпен байланысты үзбеуі тиіс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нейрохирург дәрігерлерді жоғары санатты зергерлерге теңеуге болады, себебі нейрохирургия отасы асқан шеберлікті талап етеді. Осындай білікті қазақстандық мамандардың бірі - «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас нейрохирургы Серік Ақшолақов, ол басқаратын орталықта жылына екі мыңнан астам күрделі оталар жасалады.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісімен болған сұхбатта Серік Қуандықұлы инсульт алған адамды құтқару мүмкін бе, шетелдік науқастар қазақстандық медицинаға неліктен құштар және болашақ медицинасы қандай болмақ деген тақырыпта әңгіме өрбітті.

***

- Серік Қуандықұлы, сұхбатымызды осыдан сегіз жыл бұрынғы жүкті әйелдің миындағы қатерлі ісікті алған ғажайып оқиғадан бастасақ. Әдетте таңдау ана мен баланың біріне ғана түседі. Сізді мұндай тәуекелге не итермеледі? Бұл сіздің алғашқы тәжірибеңіз еді ғой.

- Дәл осы жағдай биыл тағы қайталанды. Қайсысын құтқару керек деген сауал біздің де алдымыздан шықты. Ананы ма әлде баланы ма? Бірақ, біз екеуін де аман алып қалдық. Бұл әрі қиын, әрі өзгеше оқиға болды. Науқас - Өзбекстаннан көшіп келген 30 жастағы әйел, өзі жүкті. Жас әйел үнемі лоқсып-құса бергендіктен дәрігерлер оған токсикоз (жеріктік) диагнозын қойған екен. Алайда, лоқсудың себебі жеріктік емес, мидың ісігі болып шықты. Сол аралықта жүкті әйел едәуір салмағын жоғалтқан. Оны бізге әкелгенде жағдайы аса ауыр еді. Бақытымызға орай, ота сәтті жасалды, науқас жаңа туған қызын бауырына басып, аман-есен ауруханадан шықты.  

Сегіз жыл бұрын мені мұндай қадамға не итермеледі? Дәрігерлік парызым шығар. Әйел ес-түссіз жатыр, дәрігерлердің қажетті тексеру жүргізуіне, ана мен баланың қайсысын құтқару керек, балаға зақым келтірмеу үшін отаны қалай жасау керек деп ойлануға санаулы минуттар ғана бар еді. Сол сәтте нейрохирургтер мен акушерлер бір уақытта екі отаны қатар жасауды ұйғардық. Ота бірнеше сағатқа созылды, бірнеше күнді күтумен өткіздік және үмітіміз ақталды. Дәрігерлердің күш-жігерімен бір сәтте екі адамды - ана мен баланы аман алып қалдық.

- Көпшілігі мұны ерлік деп бағалады...

- Жоқ, мұны ерлік деп айтпас едім. Сол жылдары жаңа ауруханаға орналасып, қажетті жаңа техникалар алып, ерекше эйфорияда жүрген шығармыз. Бар жағдай жасалғандықтан, мұндай ота жасауда еш тәжірибеміз болмаса да, науқасқа көмектесе алдық. Егер лайықты базамыз болмаса, мұндай қадамға барар ма едік? Шынында да, сол жылдары «Біздің қолымыздан бәрі келеді! Бізде бар жағдай жасалған» деген масаттану сезімі болды. Сондықтан, мен мұны ерлікке баламаймын. Біз өзімізге жүктелген міндетті орындадық.

- Соңғы кездесуде сіз Паркинсон мен Альцгеймер аурулары туралы айтып едіңіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, 40 миллион адам Альцгеймер ауруына шалдыққан және бұл көрсеткіш тағы да өседі екен. Сіздің орталығыңыз бұл сала бойынша зерттеулермен айналыса ма?

-  Шынында да, Альцгеймер - ең күрделі аурулардың бірі. Оның емін табуға барша әлем ғалымдары күш салуда. Мен Стэнфорд клиникасында (Калифорния, АҚШ) тағылымдамадан өттім және аталған сырқатты зерттеу бойынша қандай ауқымды гранттардың бөлініп жатқанын білемін. Бірақ, көптеген ғалымдар Альцгеймерді зерттеумен айналыспайды, себебі бұл шынымен де күрделі патология. Әзірге оны хирургиялық жолмен емдеу тәсілі табылған жоқ. Келешекте табылып қалар. Біздің орталыққа келсек, біз мұндай зерттеулермен  айналыспаймыз.

Паркинсон ауруының да әзірге емі жоқ, бірақ науқастың барынша қалыпты өмір сүруіне көмектесетін дәрілер бар. Паркинсонмен ауыратын адамдардың 15-20 пайызының өмірін хирургиялық тәсілмен жеңілдетуге болады. Ота барысында бас миын терең ширықтырады, одан туындайтын биохимиялық өзгерістер нәтижесінде жақсару байқалады. Біздің орталық Паркинсон ауруынан зардап шегетін науқастарды хирургиялық және консервативтік жолмен емдеумен айналысады.     

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инсультті індет деп жариялады. Әлем бойынша әрбір алты тұрғынның бірі инсульт алады. Қазақстан бұл мәселемен қалай күресіп жатыр?

- Менің ойымша, инсульт - бөлек бір сұхбаттың тақырыбы. Бұл Қазақстандағы ең күрделі мәселелердің бірі және уақыт өткен сайын науқастар саны ұлғайып келеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бізге және невропатологтарға инсульт мәселесін шешуді тапсырды. Елімізде атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес - Қазақстанның түкпір-түкпірінде 19 инсульт орталығы құрылды. Инсульт алған науқастарға көмек көрсету алгоритмі анықталды.

- Бұл орталықтар жеткілікті ме?

- Бұл тек бастамасы ғана. Егер 17 миллион халыққа деп есептесек - әрине, аз. Бірақ, біз желіні кеңейтіп жатырмыз. Бізге білікті кадрлардан бөлек, сәйкес жабдықтау да қажет. Бастысы, процесс жүріп жатыр.

Аталған жүйенің қазір қалай жұмыс істейтіні туралы мысал келтірейін. Естеріңізде болса, Алматыдағы Универсиада кезінде италиялық  телеинженер ишемиялық инсульт алды. 20 минут ішінде оны арнайы мамандандырылған ауруханаға жеткізді, тексеру жүргізіліп, диагноз қойылды және емдеудің дұрыс алгоритмі анықталды. Бір күннен кейін науқас есін жиып, отанына аман-есен ұшып кетті.

- Инсульт алған адамдардың неше пайызы толық қалпына келеді?

- Инсульт әртүрлі болады. Ишемиялық (ми инфаркті, мидың қан ағысы айтарлықтай азайғанда үдейді) және геморрагиялық (мидың қан айналымының бұзылуы, тамырлардың жарылуы және миға қанның құйылуы) инсульт бар. Ауыр геморрагиялық инсульттегі өлім-жітім көлемі өкінішке қарай, 80 пайызға дейін жетеді. Ал өткінші ишемиялық шабуыл болса, өлімге әкеп соқпауы тиіс. Мұндай жағдайда дер кезінде көрсетілген медициналық көмек арқылы аяққа тік тұрып кетуге болады.

Бұрын нейрохирургтер 90 пайыз жағдайда хирургиялық әрекетті талап ететін геморрагиялық инсульттерге қызығушылық танытатын, ал ишемиялық инсульттер неврологтардың еншісіне қалатын. Соңғы жылдары бүкіл әлемде ишемиялық инсульт алған науқастарға да ота жасалатын болды. Біз де осындай оталарды жасап жүрміз - егер тромбты дер кезінде алып тастасақ, адам 4 сағатта қалпына келеді. Жиырмадан астам адамға сәтті ота жасадық. Бұл тұтас жұмыс жүйесі және бұл туралы ұзақ әңгімелеуге болады.  

Менің ойымша, инсультте уақыт ерекше рөл ойнайды. Егер адамдар дер кезінде дәрігерлерге жүгінсе, 10 инсульттің 8-ін тоқтатуға болады. Өкінішке қарай, халықтың көпшілігі инсульттің алғашқы белгілерін және көмек көрсету жолдарын білмейді. Біздікілер не істейді? «Басым ауырып тұр, кішкене жата тұрайын, ұйықтап алайын» дейді. Бұл уақытта адамның миы біртіндеп өле бастайды. Сондықтан, инсульттің негізгі белгілерін еске салуды жөн көріп отырмын, олар: тілдің бұзылуы, естен айырылу, бет пішінінің бұзылуы, бастың қатты ауыруы және лоқсу мен құсу. Егер бұл белгілердің барлығын бірдей байқасаңыз, «жедел жәрдемге» хабарласқаныңыз жөн.     

Қазір біз жедел жәрдем шақырған науқастан инсульт белгілері байқалған жағдайда дәрігердің ауруханаға хабарласып, диагностикалық аппараттарды дайындату қажеттігі жайлы талқылау жүргізіп жатырмыз. Бұл инсульт алған пациентке қажетті барлық диагностикалық процедураларды жылдам жүргізуге мүмкіндік береді.

- «Жедел жәрдем» кінәсінен «алтын уақытты» жоғалтып алған сәттер болды ма?

- Біз осы мәселеге қатысты талдау жүргіздік. Нәтижесінде инсульттің басты себебі - науқастың дер кезінде хабарласпауы екені анықталды. Әрине, бұған «жедел жәрдем» қызметінің уақыты да қосылады.

- Инсульт алған отбасы мүшесіне қалай күтім жасау керек?

- Өте орынды сұрақ. Оңалту дегеніміз - шаралардың тұтас жиынтығы. Тұрмыстық, әлеуметтік және медициналық оңалту. Егер науқас қарт адам болса, оларды дұрыс жүруге, жарықты, газды қосуға, нанды турауға үйрету керек. Менің айтқым келгені, бізге инсульт алғандарды ғана емес, инфаркт, түрлі жарақаттар алған науқастарды да оңалту мәселесін көтеру керек. Және оңалту медициналық тұрғыда ғана жүрмеуі тиіс. Медициналық оңалту бізде тегін. Бірақ, елімізде республикалық ауқымдағы оңалту орталығы жоқ. Жеке орталықтарды ашуға болар еді, бірақ олар қымбатқа түседі. Және мемлекет оны тегін медициналық көмектің кепіл көлеміне қосып, ем-дом ақысын төлеп берсе болар еді.

- Сіздің орталығыңызда жасалатын оталар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қосылған ба?

- Біздің орталықта жаңа технологияларды қолдану арқылы жүргізілетін ең күрделі оталардың өзі толығымен тегін жасалады.

- Жалпы алғанда, нейрохирургиялық оталар қаншалықты қымбат?

- Өте қымбат оталар бар. Инсультке келсек, бұл ауру аневризм (қан тамырларының кеңеюі) салдарынан орын алады, ал тамыр ішіне жасалатын оталар титан қыспалар, шиыршықтар, желім сынды жаңа медициналық өнімдерді талап етеді. Олардың бағасы өте қымбат, әдетте 3-4 миллион теңге тұрады.

- Бірақ, сіз алдыңғы кездесуде өзге елдердің клиникаларымен салыстырғанда,  біздің елдің медициналық қызметтерінің әлдеқайда арзан екенін айттыңыз. Сіздің орталығыңызда шетелдік пациенттер көп пе?

- Біріншіден, мемлекеттің тартымдылығы жоғары болуы тиіс. Емделуге барарда адамдар клиника атауын айтпайды. Олар Германияға бара жатырмыз дейді, Кореяға, АҚШ-қа және т.б. Жалпы кез келген туризм елдің қауіпсіздігінен басталады. Біз шетелдік пациенттер ем қабылдайтын арнайы бөлім аштық. Жыл сайын елуге жуық шетелдіктер ем алу үшін бізге ұшып келеді. Әрине, олардың көпшілігі көршілес елдерден - Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Өзбекстан мен Ресейден келеді. Түркия, Германия, АҚШ-тан келген пациенттер бар. Оларды біздің айтарлықтай арзан қызметіміз және шетелдіктерден кем түспейтін жоғары сапамыз қызықтырады.

Мен бір орында тоқтап қалуды жөн көрмеймін. Бұрындары жаңа технологияларды енгізу мен қазақстандық пациенттерді жоғары білікті нейрохирургиялық көмекпен қамтамасыз ету басты мақсат еді. Оған қол жеткіздік. Енді қазір тағы бір белесті бағындырудамыз - өзге елдерден келетін пациенттер назарын аударып жатырмыз. Бұл мақсатымызға да жеттік деуге болады. Көпшілігі Қазақстанда қауіпсіз екенін, бейбіт заман екенін біледі. Қорықпай келіп, қорықпай кетуге болады. Бұл - біздің негізгі іргетасымыз. Одан бөлек, біз Қазақстанда нейрохирургия бойынша үлкен конгрестер,  еуропалық нейрохирургия қауымдастығының білім беру мектептерін жүргізе бастадық. Нейрохирургтердің 10-шы Азиялық конгресін өткіздік, оған қатысу үшін 56 елден 700-ге жуық нейрохирург келді. Осының бәрі не үшін қажет деп сұрайтындар табылады. Дәрігерлер біздің базамызды көрді және бізге деген қызығушылықтары көбейе түсті. Өз пациенттерімен сөйлескенде де Қазақстан туралы міндетті түрде айтады және болашақта шетелдік пациенттер емделу үшін біздің елге келуден қорықпайтын болады.

Бірақ, бұл үшін әрбір медициналық қызметкер пациенттердің тілінде сөйлеуі тиіс. Посткеңестік елдерден келген науқастармен оңай тіл табысамыз, олар орыс тілін біледі. Ал өзге елде тұратын шетелдіктер бізге келсе, оны емдейтін дәрігер ағылшын тілінде әрең сөйлеп тұрса, науқастың дәрігерге деген сенімі лезде жоғалады. Ол үнемі басқа ине егіп қоймады ма екен, дұрыс диагноз қойды ма екен деп күдіктенеді. Сол үшін тіл білудің жалпы деңгейін көтеру қажет. Әрине, балабақша, мектеп, институттардан бастау керек. Президент Нұрсұлтан Назарбаев үш тілділік туралы үнемі айтады. Бұл алысқа көз тіккен жоспар. Бізде қажетті құралдар мен кадрлер жеткілікті. Енді тек тілді үйренсек, шетелдіктерге толық қызмет көрсете аламыз.

-  Сіздің салқынқанды екеніңізді білеміз, бірақ өз тәжірибеңізде шын мәнінде қорыққан сәттеріңіз болды ма?

- Мен күн сайын ота үстеліне барамын және әрбір ота алдында бойымды үрей билейді. Бізде стандартты ота деген ұғым жоқ, әр отаның өзіндік ерекшелігі болады. Мәселен, соқырішекті аларда хирургтер оның анатомиялық орналасқан жерін шамамен бағамдайды. Ал бас миына ота жасау егжей-тегжейлі мұқият жұмысты талап етеді. Адамның ми сауыты кішкентай және ол кішігірім ғарышты еске түсіреді - онда өмірлік маңызды құрылымдар бір-бірімен тығыз байланысқан. 1 миллиметр шалыс кетсең, нерв жүйесінің қозғалу, сөйлеу қызметтеріне немесе өзге де өмірлік маңызы бар қызметтерге зақым келуі мүмкін. Сол себепті, медицинадағы алғашқы компьютерлік томограф нейрохирургия үшін ойлап табылды, себебі ми жабық кеңістікте орналасқан. Қазір кемелер мен ұшақтарда қолданылатын навигациялық жүйелер де алғашында нейрохирургия үшін шығарылған.

Ота жасау кезінде нейрохирургтің мойнына үлкен жауапкершілік артылады.  Сол себепті, әрбір нейрохирург әрбір отада аса сақ болуы тиіс.

- Болашақ медицинасын қалай елестетесіз?

- Біз дәлелді медицина дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Дәрігердің әрбір қадамы және әрбір ісі дәлелді болуы тиіс. Бұрынғының дәрігерлері көбірек ойлайтын. Диагноз қою үшін анамнезді түгел зерделеп шығатын. Қазір бәрі оңтайландырылды. Бір МРТ жасалғанда-ақ бәрі айқын көрініп тұрғандай сезіледі және дәрігердің ұсақ-түйекке дейін бәрінен хабардар болу факторы екінші орынға жылжып барады. Қазіргі заманауи диагностикалық аппараттармен қойылатын диагнозды бұрын бір ғана балғамен қоятын. Көпжылдық еңбек нәтижесінде нағыз корифейлер суырылып шығатын. Ал бүгін жаңа технологияны меңгеру арқылы менің замандастарым ондаған жылдарын сарп еткен деңгейге әп-сәтте жетуге болады. Бірақ, екі жағдайдың да өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. 

Болашақ медицинасы өткеннен қол үзбей, болашақты да естен шығармай, нағыз ортаны сақтап қалса екен деп тілеймін. Әйтпесе, біз тепе-теңдікті бұзып алдық. Болашақ медицинасының адамдықты, дәрігерлік біліктілікті және жаңа технологияларды меңгеруге деген ынтасын жоғалтпағанын қалар едім.

- Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

***

Серік Ақшолақов - Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик Бурденко атындағы нейрохирургия ҒЗИ құрметті профессоры. 2005 жылы «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығын алды және сол жылы дүниежүзілік дәрігерлер қауымдастығы оған «Әлем дәрігері» атағын берді. 2008 жылы «Әлемдік медицинаның дамуына өлшеусіз үлес қосқаны үшін» атақты хирург Николай Пирогов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері атанды. «Қазақстандағы Жыл адамы» атағына екі рет ұсынылған. 2010 жылы ҚР Президенті дәрігерді «Парасат» орденімен, 2016 жылы - «Отан» орденімен марапаттады.

Ұлттық нейрохирургия орталығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2008 жылы ашылды. Мұнда жыл сайын жүйке жүйесінің аса күрделі патологиясы бар 2,3 мыңнан астам науқасқа ота жасалады және бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп келеді.

Сегіз жылда орталық мамандары 15 мыңға жуық ота жасаған және 60 жаңа нейрохирургиялық технологиялар енгізген. 2012 жылы қазақстандық орталық Швейцария өндіріс пен жаңа технологияларға қолдау көрсету агенттігінің бастамасымен бекітілген медицина саласындағы «Сапа үшін еуропалық Гран-при» марапатын алған. 

Соңғы жаңалықтар