Серік Әбденов «ҚТЖ» жастарының қайырымды істерін атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» компаниясы жас мамандардың біліктілігін арттыруға биыл 1 млрд 100 млн теңге жұмсайды. Бұл туралы бүгін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының корпоративтік мәселелер жөніндегі орынбасары Серік Әбденов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде компания құрамында 137 мың адам жұмыс істесе, оның 40 пайызы - жастар. 2018 жылы жастарды оқыту және біліктілігін арттыру шараларына 1 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсадық. Биыл бұл қаражат көлемі біршама өсіп, 1 млрд 100 млн теңгеге жететін болады», - деді ол.

Осы ретте Серік Әбденов компания тарапынан жастарды қолдауға арналған нақты жобаларға кеңінен тоқталды. Мәселен, жыл сайын «Жоба менеджмент» өңірлік инновациялық конкурсы өткізіліп, оған компанияда жұмыс істейтін 1600 жас қатысады. Өткен жылы 13 жоба іріктеп алынып, одан ары жүзеге асыру үшін сараптамалық бағалаудан өткізіліп жатыр. Мұнан бөлек, жыл сайын «Жас маман» жастар сыйлығын беру байқауы үздік теміржолшы, байланысшы, жолсерік, вагоншы сынды 24 аталымда өткізіледі. Сонымен қатар, компания жас мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөледі. Бұл бағытта жыл сайын темір жол саласындағы жоғары оқу орындарында жақсы оқып жүрген жастарға білім гранттары мен атаулы стипендиялар тағайындалып отырады. Атап айтқанда, соңғы 3 жылда «Магистраль» бағыты бойынша 60 білім гранты мен 33 атаулы стипендия берілді. М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының студенттеріне де компания кәсіпорындарында өндірістік тағлымдамадан өтуге мүмкіндік жасалған. Өткен жылы академияның 53 студентіне 3 млн теңгеге жуық шәкіртақы төленген.

Серік Әбденовтің айтуынша, «Қазақстан темір жолы» жастары қайырымдылық шараларға да өз еркімен белсене араласып жүр.

«Мәселен, Астана қаласында магистральды темір жолда жұмыс істейтін азаматымыздың үйінде екі баласы науқас. Жыл сайын Астана қаласындағы жастар оның отбасына бас сұғып, көмек көрсетіп тұрады. Бұл - басшылықтың тапсырмасы емес, жастардың өз бастамасы. Ақтөбеге қарасты Алға балалар үйіне жастарымыз барып, түрлі шаралар ұйымдастырып тұрады. Семейде жас жұмысшыларымыз балалар үйінің тәрбиеленушілерін 10 күнге дейін үйлеріне сұрап алып кетіп, тәлім-тәрбие береді. Қызылорда жастары да дәл осындай қайырымдылық шараларын жасап жүр», - деді басқарма төрағасының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар