Сергей Кулагин нанның қымбаттауына жол берген аудан әкімі мен облыстық АШБ басшысын сынады (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі жұмыс сапарымен Аршалы ауданында болды.

Аймақ басшысы алдымен Жібек жолы ауылдық округі аумағындағы  «Агрофирма Поиск» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқаптарын аралап көрді. 40 мың гектар жері бар шаруашылық биыл 22,3 мың гектарға дәнді дақылдар сепкен. Сондай-ақ, 17,1 мың  гектар жайылым, 1,1 мың гектар шабындық жерлері бар. Оған қоса, 500 бас ірі қара, 100-ге жуық жылқы және  700-дей шошқа өсіруде.

Серіктестік басшысы Александр Гусевтің айтуына қарағанда, өткен жылы шаруашылық ауа райының қолайсыздығына қарамастан, гектарынан  12,1 центнерден астық жинады. Биыл да сол үрдістен шығуды көздеп отырған көрінеді.

-Биыл астықтың шығымы жаман емес. Барлық агротехникалық шараларды уақытылы жүргізгендіктен егініміз жайқалып, бітік шығып отыр. Алдағы күндер ашық болса, әр гектардан 20-25 центнерден жоғары өнім алуға үміт мол,- деді Александр Гусев.

Серіктестік жұмысына оң бағасын берген аймақ басшысы одан әрі Аршалы кентіндегі №4  агротехникалық колледждің педагогикалық ұжымымен кездесті. Аталған білім ордасында оқушылар «фермерлік шаруашылық», «аспаз», «дәнекерлеуші», «құрылысшы» тәрізді кәсіби мамандықтар бойынша  оқытылады. 2015-2016 оқу жылы мұнда 232 оқушы білім алса, оның 54-і арнайы кәсіби мамандықтар бойынша диплом алып шықты.

Бұдан кейін аймақ басшысы темірбетоннан жасалынатын құрылыс материалдарын шығаратын «ҚазШпал» акционерлік қоғамының жұмысына назар аударды.

Өндірістің тыныс-тіршілігі туралы кәсіпорындағы директорлар кеңесінің төрағасы Асқар Назаров айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, жарты ғасырға жуық тарихы бар кәсіпорында осы күні темірбетоннан жасалынған өндірістік шпал, қырлы бөрене және тез тұрғызылатын үйлер үшін панельдер мен плиталар шығарылады.

-Кәсіпорын өткен жылдың қорытындысы бойынша барлығы 1,3 миллиард теңгенің өнімін шығарса, биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында бұл көрсеткіш 785,2 миллион теңгені құрады. Шығарылған өнім мемлекеттік стандартқа сай әрі елорданың іргесінде болғандықтан сұраныс та жоғары,- деп атап өтті  Асқар Назаров.

Ал, аудан орталығындағы дүкендерді аралап көрген облыс әкімі 1 сортты әлеуметтік нанның 80 теңгеге сатылып жатқанына көз жеткізді. Осыған жол бергізген аудан әкімі Азамат Тайжанов пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы  Мұрат Балпанға тез арада нанның бағасын қалпына келтіруді тапсырды. Өйтпеген жағдайда қатаң шара қолданатынын ескертті.

-Салмағы 550 грамм 1 сортты әлеуметтік нанның құны 55-60 теңгеден аспауы тиіс. Бұл әкімдіктің бекіткен бағасы. Егер одан асып жатса, бұған жол бергендерге қатаң шара қолданатын боламыз,- деді  облыс әкімі өз сөзінде.

null null null 

Соңғы жаңалықтар