Сергей Барон Қарағандыдағы вакцина зауытының қанша тұратынын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС-нің бас директоры Сергей Барон «Спутник V» вакцинасын шығаратын цехтың қаншаға түскенін нақтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің зауыттың жалпы құны – 100 млн доллар. Соның жартысын вакцина өндіретін цех құрайды. Мұнда барлық талаптар өте қатаң сақталады. Жуу мен шаюға қажет судың бәрі дистилденген. Ғимараттың іші, құтылар, қондырғылардың бәрі дистилденген сумен автоматтандырылған жүйе арқылы жуылып отырады. Ауаның тазалығы «А» класты болуы керек. Яғни, ауа сапасы ота бөлмесіндегі ауадан 100 есе таза болуы керек деген сөз», - деді серіктестік директоры онлайн баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, маман ресейлік субстанция негізінде жасалатын қарағандылық вакцинаны Гамалея атындағы орталық мамандары қалай тексеретінін баяндап берді.

«Цех 50 млн доллар тұрады дедік қой. Инспекциялық машина да соның ішіне кіреді. Бұл машина жарамсыз немесе қате құйылған құтыларды іріктеп отырады. «Брак» деп танылғандар бірден заласыздандырылады. Біз шығаратын вакцинаның Ресейдегі «Спутник V» вакцинасынан айырмашылығы жоқ. Өйткені екеуі де бір субстанциядан жасалады, дәл сондай технологиямен өндіріледі. Біз өзіміз вакцинаны 8 көрсеткіш бойынша біз қадағалаймыз. Ал Гамалея институты 15 көрсеткіш бойынша тексереді. Әр серияның үлгісін ұшақпен жібереміз. Олар 20 күн ішінде тексеріп, қорытындысын жібереді. Гамалея институтының қорытындысын алғаннан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің сертификатын алып, дайын дозаларды бірыңғай дистрибьютерге жөнелтеміз», - деді зауыт директоры.

Аталған шарада Сергей Барон Қарғандыдағы зауыттың күн сайын неше доза вакцина шығарып жатқанын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар