«Сергектің» ықпалымен Алматыда жол-көлік оқиғасынан болатын өлім-жітім 40%-ға азайған

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Сергек» камералары орнатылғалы бері жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандар саны 40%-ға (2019 жылғы 161-ден 2022 жылы 96-ға дейін) қысқарды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде «Көркем Телеком» ЖШС бизнесті дамыту жөніндегі директоры Арман Әлмереков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қаласы әкімдігі, Полиция департаменті және «Көркем Телеком» ЖШС арасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімі аясында «Алматы қаласының зияткерлік қауіпсіздік жүйесі және жол қозғалысы трафигін талдау» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қалада 766 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылған, оның 383-і желілік учаскеде, 383-і жол қиылыстарында.

Спикерлер атап өткендей, бейнебақылау жүйесі алматылық жүргізушілер тәртібінің жақсаруына әсер етті. Мұны жол-көлік оқиғаларының статистикасы көрсетіп отыр.

«Бүкіл әлем бойынша жүргізілген көптеген зерттеуге сәйкес, бақылау камералары ауыр жарақат немесе өліммен аяқталатын апаттарды 11%-дан 44%-ға дейін төмендетуге ықпал етеді. Осылайша, «Сергек» камералары орнатылғаннан бері жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 40 пайызға (2019 жылғы 161-ден 2022 жылы 96-ға дейін) азайды», - деді Арман Әлмереков.

Қазіргі уақытта тағы 575 аппараттық-бағдарламалық кешен орнату жоспарланған. Бұл Алматы жолдарындағы өлім-жітімді және 30%-ға төмендетуге мүмкіндік бермек.

«Сергек» кешендері арнайы желілік бақылау камераларымен жабдықталған, яғни барлық оқиғалар бейнеге түсірілуі арқылы қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға мүмкіндік жасалған. Қажет болған жағдайда полиция қала көшелерінде болған қылмыстарды ашу үшін осы камераларды пайдаланады.

Жүйе тәулік бойы режимінде кемінде 30 күн деректердің сақталуын қамтамасыз етеді. 30 күндік бейнесуреттерді сақтау мерзімі Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұйрығымен бекітілген Ұлттық бейнебақылау жүйесінің жұмыс істеу қағидаларында айқындалған.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, 2022 жылы «Сергек» жүйесі бойынша 8,332 млрд теңгеге 1 136 670 құқық бұзушылық тіркелсе, 2022 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша 997,2 млн теңгеге 85 442 құқық бұзушылық тіркелді. Жүйе күніне орта есеппен 3000-нан астам жол ережесін бұзу фактісін тіркейді.

Айта кетсек, Алматыдан басқа Қазақстанның 7 қаласында «Сергек» жүйесі жұмыс істейді: Астана, Өскемен, Атырау, Шымкент, Түркістан, Тараз, Семей.


Соңғы жаңалықтар