Сербия мен Черногория 2025 жылға қарай ЕО құрамына енуі мүмкін

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Еурокомиссия Батыс Балқан елдеріне қатысты Еуропалық Одақтың жаңа стратегиясын жариялады. Сербия мен Черногория 2025 жылға қарай Еуроодаққа қосыла алады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі. 

«Батыс Балқан географиялық тұрғыда Еуропаның бөлігі саналады. Біздің тарихымыз бен мәдени мұрамыз, мүддеміз бен мүмкіндіктеріміз бір. Алда тұрған сын-қатерлеріміз де бір, - деді еуропалық дипломатия басшысы Федерика Могерини Страсбургте құжатты таныстыру рәсімінде.

«Бұл стратегия ЕО-мен бірігуде барлық алты серіктес үшін ортақ, анық және нақты болашақты айқындайды», - деп толықтырды Могерини.

ЕО мүшелігінің талаптарына сай келуі үшін Батыс Балқан елдері маңызды салаларда кешенді реформалар жүргізіп, көршілерімен қарым-қатынастарын, әсіресе аумақтық дау-дамайларын реттеуі тиіс.

Батыс Балқан елдері қатарында Еуроодақ Албания, Босния мен Герцеговина, Македония, Сербия және Черногориямен қатар, тәуелсіздігін бірқатар мемлекет мойындамай отырған Косовоны да көздеп отыр.

Стратегия Сербия мен Черногорияға 2025 жылға қарай ЕО-ға қосылу процесін аяқтау үшін қабылдауы тиіс шараларды түсіндіреді. Ал Македония мен Албания мүшелікке сегіз жылда енуі мүмкін.

Атап өткен жөн, Батыс Балқан елдері арасынан Албания, Македония, Сербия мен Черногория - ЕО-ға мүшелікке үміткер, Сербия мен Черногория одаққа ену туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.

Өз кезегінде Босния мен Герцеговина 2016 жылдан бері үміткер мәртебесінің берілуін күтіп жүр.

Соңғы жаңалықтар