Сепаратизм үшін Петропавлда ерлі-зайыпты 5 жылға сотталды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда елдің бүтіндігін бұзуды насихаттап, ұлтаралық алауыздық тудырған ерлі-зайыпты 5 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, Петропавл қалалық соты әлеуметтік желі арқылы ұлтаралық алауыздықты тудырған ерлі-зайыптыға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды. Күйеуі мен әйелі енді алдағы 5 жылды қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесінде өткізеді.

Былтыр желтоқсан айында Петропавл тұрғындары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің СҚО бойынша департаментінің және СҚО Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің көзіне түскен. Ерлі-зайыпты әлеуметтік желіде және YouTube арнасында Солтүстік Қазақстан облысын және Петропавлды Ресейдің құрамына беру қажеттігі жайында қайта-қайта жазып, айтып, осылайша елдің тұтастығын бұзуды насихаттады. Өңірдегі және жалпы елдегі түрлі ұлт өкілдері арасында, жалпы қоғамда ұлтараздық тудырды.

«Петропавл қалалық соты қылмыстық істі 20 мамыр күні қарады. Сепаратистік әрекеті бар қылмыстық іс бірнеше сот отырысында қаралды. Сотталушылардың кінәсі дәлелденді. Тиісті талдау жүргізілді. Істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеді. Осыған ұқсас қылмыстар 2018 жылы, 2019 жылы да қаралды. Онда да кінәлілер сотталды. Жалпы, ҚР Қылмыстық кодексінің 180-бабы 2-бөлігі бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін жаза қарастырылған. Жазаны өтеудің басқа баламасы жоқ. Сондай-ақ, экстремистік қылмыс болғандықтан, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды», - дейді Петропавл қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин.

Соңғы жаңалықтар