Сенімхаттарды онлайн рәсімдеу нотариустардың жұмысына қалай әсер етеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгіннен бастап елімізде нотариус арқылы рәсімделетін сенімхатты үйде отырып-ақ алуға болады. Аталған қызмет eGov mobile мобильді қосымшасында қолжетімді.

Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Әділет министрінен жаңа цифрлық қызмет нотариустардың жұмысына кері әсерін тигізбей ме, деп сұраған еді.

«Нотариустардың жұмыссыз қалмау жағын қарастырдық. Олар жұмыссыз қалмайды. Керісінше жаңа қызмет түрі халыққа да, нотариустарға да ыңғайлы. Онлайн қызметі нотариустардың табысына әсер етпейді. Қызметтердің құны бұрынғысынша сақталады және оны клиенттер төлеуі керек. Нотариус қызметінің ақысын банк қосымшалары арқылы онлайн төлеуге болады», - деп түсіндірді Әділет министрі Азамат Есқараев.

Ведомство басшысының айтуынша, өткен жылы елімізде 2 миллионнан астам сенімхат берілді.

А. Есқараевтың мәлімдеуінше, қазақстандықтар көбіне мүлікті және соттағы мүддесін қорғау үшін сенімхат рәсімдейді.

Айта кетсек, бүгін елордада «Цифрлық нотариат» атты пилоттық жобасы іске қосылды.

Ендігі уақытта қазақстандықтар сенімхаттарды нотариусқа бармай-ақ онлайн рәсімдей алады.

«Мемлекет басшысы eGov mobile мобильді қосымшасы базасында мемлекет, халық және бизнестің өзара іс-қимылы үшін тиісті цифрлық инфрақұрылымды құруды тапсырған болатын. Бүгінгі тұсауы кесіліп жатқан «Цифрлық нотариус» пилоттық жобасы сол бағыттағы жұмыстардың бірі. Қызмет алуда қазақстандықтардың өмірін жеңілдету бағытында пайдалы жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз», - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.


Соңғы жаңалықтар