«Сені мақтан тұтамыз»: Президент Шавкат Рахмоновты жеке қабылдайтынын айтты

None
Фото: akorda.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновты мақтан тұтанынын айтты. Видео UFC шеберінің Instagram-парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

21 наурыз күні Астанадағы EXPO алаңында Наурыз мейрамына арналған мерекелік шараны аралап көру барысында Мемлекет басшысы таяуда ғана UFC аясындағы жекпе-жегінде жеңіске жеткен Шавкат Рахмоновтың қолын алып, оны мақтан тұтатынын айтты.

«Таяу арада сені қабылдаймын. Жарайсың! Сені мақтан тұтамыз!» - деді Қ. Тоқаев спортшыға.

Өз кезегінде Ш. Рахмонов Президентпен болған кездесудің әсерімен бөлісті. «Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентімен кездестім. Президенттің қарапайымдылығы маған өте қатты ұнады. Жеке қабылдап, жүздесетінін атап өтті. Өте қуаныштымын. Алға, Қазақстан!» - деп видео жариялады ол.

Еске салайық, үстіміздегі наурыз айының басында Шавкат Рахмонов (17-0) Лас-Вегаста (АҚШ) өткен UFC 285 аралас жекпе-жек бәсекесінде жеңіске жетті. Ол америкалық белгілі файтер Джефф Нилмен (15-4) шеберлік байқасты. Нәтижесінде үшінші раундта оны қылқындыру әдісімен жеңді.

Осылайша, қазақстандық спортшы UFC-дің жеңіліп көрмеген шеберлері арасында ең үздігі атанды.

Оның жекпе-жектен алған гонорары 161 500 долларды (30 000$ - кепілді сыйақы, 6 000$ - демеуші бонусы, 25 500$ - салмақ өлшеудегі сәтсіздік үшін Нил гонорарының 30%, 100 000$ - Нил салмағын реттемегендіктен «Кештің үздік жекпе-жегі» үшін екі еселенген бонус) құрады.

21 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Наурыз мейрамына арналған бірқатар мерекелік іс-шараға қатысқанын жазған болатынбыз.
Соңғы жаңалықтар